Президент Жолдауы - Ұлтты ұйытар сөз – П. Маглели

13 Қараша, 2014 10:47
Елбасының жолдауы - ұлтты ұйытар сөз, деді Strategy2050.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облысы филиалының мүшесі Павел Маглели.

«Мен өзім Елбасының қандай да алқалы жиында сөйлеген сөзін қалт жібермеуге тырысамын. Себебі, Президент аузынан шыққан сөз қашанда ілкімді істерге ұласып жатады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысып, сөйлеген сөзінен кейін-ақ, іле-шала Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауын ұсынатынын естігенде теледидар алдынан ұзай алмай қалғаным рас. Жолдауда не айтылар екен деген қызығушылық бойымды биледі. Қашанда халқының қамын ойлайтын Елбасы әлемде болып жатқан алмағайып оқиғаларды саралай келіп, халыққа Жолдауын жылдағыдан ертерек жеткізуді жөн көргенін көрегендік емес деп кім айта алады. Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» деуі де тегін емес екенін оны теледидардан көріп, Елбасын тыңдағаннан кейін айқынырақ түсіне түстім», - деді П.Маглели.

Оның айтуынша, еліміздің басты құндылығы елдегі бейбітшілік пен бірлік, экономиканың тұрақтылығы, этносаралық татулық пен толеранттылық екенін жастар түсінуі тиіс. Отбасындағы береке, адамдардың қауіпсіздігі, еңбекпен қамтамасыз етілуі, яғни бейбіт өмірдің іргетасының беріктігі сайып келгенде тыныштыққа тәуелді екенін ешқашан ұмытуға болмайды.

«Елбасының «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздің еліміздің ертеңінің жарқын, болашағының бақытты екеніне тағы да сендіре түсті. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы әрбір адамның өміріне әсер етуімен де бағалы. Бұл Жолдауда алға қойылған міндеттерді ынтымағымызды ұйыта түсетін, ілгерілеуімізге серпін беретін, рухани жаңғыруға жағдай жасайтын нұрлы жол деп білу керек», - деді ол. 

Барлық жаңалықтар