• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев пен Грузия Премьер-Министрі екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Н.Назарбаев пен Грузия Премьер-Министрі екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады

12 Қараша, 2014 16:24
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Грузияның Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилиді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

 «Кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция және энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі талқыланды.  Мемлекет басшысы елдеріміз арасындағы қарым-қатынас өзара тиімді дәстүрлі серіктестіктің негізінде дамып келе жатқанын айтты», - делінген хабарламада.

«Қазақстан Грузиямен әрдайым жақсы қатынаста болды. Біздің екіжақты байланыстарымыз тәуелсіздік жылдары қарқынды дамыды. Біз Грузиямен ынтымақтастықты барлық бағытта, саясатта да, экономикада да бұдан әрі нығайта беруге дайынбыз», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Грузия Премьер-Министрі Қазақстанға екі елдің өзара ықпалдастығын арттыру және кеңейту үшін келгенін айтты.

« Бұл менің Сіздің елге Премьер-Министр ретінде келген алғашқы ресми сапарым. Қазақстан бізге дос әрі өте жақын мемлекет болып саналады. Қазақстанға, оның халқына біздің елде әрдайым айрықша ілтипатпен қарайды. Мен экономикалық, саяси және сауда қарым-қатынастарымыз алдағы уақытта да тереңдей береді деп үміттенемін», – деді И.Гарибашвили.

 

Барлық жаңалықтар