Қазақстанның нан өндірісіне қосып жатқан үлесі өте маңызды - Шожи

12 Қараша, 2014 09:48
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев Анкарада БҰҰ ФАО-ның Орталық Азия елдері бойынша субөңірлік үйлестірушісі Юрико Шожимен кездесті, деп хабарлады СІМ.

«Сұхбат барысында тараптар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету және ауылшаруашылықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты», - делінген хабарламада.

Ю.Шожи ханым БҰҰ ФАО мен Қазақстан өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тығыз байланыста екенін атап өтті. Ол Қазақстан аграрийлерінің нан өндірісіне қосып жатқан үлесінің коммерциялық ортада, және БҰҰ институттарының гуманитарлық іс-әрекеттерінде де едәуір екендігін мәлімдеді.

Өз кезегінде Ж.Түймебаев сұхбаттасын жаңа қызметке тағайындалуына орай құттықтай отырып, ФАО-ның жұмысын жоғары бағалады, және Ю. Шожидің келуімен ФАО субөңірлік өкілдігі Қазақстанмен ынтымақтастығын қоса алғанда, өз жұмысының бұрынғы қарқынын сақтайтынына сенімін білдірді.

Кездесу барысында Ю. Шожи 2014-2017 жылдарға арналған Қазақстан мен ФАО арасындағы ынтымақтастық туралы бағдарламаның жобасын және БҰҰ ФАО мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп ұйымдастыруымен 2014 жылғы 19-21 қарашада Римде өтетін Тамақтану жөніндегі екінші халықаралық конференцияға Қазақстанның өкілдеріне арналған шақыруды табыс етті.

ФАО Қазақстан Үкіметімен тығыз байланыста, ал Қазақстан 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынуында азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін бірінші орынға шығарды.

 

Барлық жаңалықтар