Қызылорда облысында 2 мектеп пен 2 балабақша ашылды

10 Қараша, 2014 12:48
Қызылорда облысы Арал ауданында 12 тұрғын үй, 2 мектеп, 2 балабақша салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

«Аудан орталығында 280 орындық және Мергенсай ауылдық округінде 90 орындық балабақша ашылды. Бөбекжайлар барлық талаптарға сай жасақталған», - делінген хабарламада.

«Қазір табиғи өсім 4,7 пайыз. Республикада үздік үштіктеміз. Сондықтан әлеуметтік нысандарды салуды көбейтуіміз қажет. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін келер жылы шешетін боламыз», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

«Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасы аясында салынған 12 арендалық үй пайдалануға берілді. Жаңа баспана кілтін жас мемлекеттік қызметкерлер және жетім балалар иеленді.

«Ата-ананың жылы алақанын тағдырдың жазуымен сезінбей өскенімен олардың мақтан тұтатын Отаны, елі бар. Сондықтан олар жетім емес. Жігерлері жасымай, үлкен өмірге қадам басулары үшін баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Бөген және Бекбауыл ауылында 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Шалғайдағы ауылдардың басты мәселелерінің шешімі табылды. Жалпы, Арал ауданында 13 апатты мектеп бар болса, биыл соның 8-і қайта салынды. Қалғаны келер жылы жаңартылады.

 

Барлық жаңалықтар