Сенатор И. Адырбеков ОАР делегациясымен кездесті

7 Қараша, 2014 15:02
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Оңтүстік Африка Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Номаиндиа Мфекето бастаған ОАР-ның делегациясын қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Кездесуде екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстарды кеңейтудің мәселелері талқыланды.

Оңтүстік Африка делегациясының басшысы парламентаралық үнқатысуды үдетуге күш салуға әзір екендіктерін атап өтті.

И.Адырбеков Қазақстан 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға өз кандидатурасын ұсынғаны туралы делегацияны хабардар етті. Сенатор Африка  мәселелері туралы Қазақстанның жан-жақты хабардар екенін, ОАР-мен және сол құрылықтағы барлық мемлекеттерімен  тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірлігін атап өтті. «Қазақстан Африка Одағында байқаушы мәртебесіне ие және оның күн тәртібімен жақсы таныс. Біз Африка Одағының, әсіресе экономикалық даму және терроризммен күрес саласындағы күн тәртібін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде ілгерілетуге әзірміз.  Ол үшін Қазақстанда тиісті ресурстар мен тәжірибе бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде ОАР екі рет тұрақты емес мүшесі болғандықтан Сіздердің тәжірибелеріңіз бізге пайдалы болар еді», - деді И.Адырбеков.

Кездесу барысында Оңтүстік Африка тарапы екі елдің Мемлекет басшыларының 2015 жылғы кездесуінің маңызды екенін атап өтті және алдағы уақытта өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезі мен ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің ерекшелігіне назар аударды.

Кездесуге Қазақстан Республикасының ОАР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Қалиев және ОАР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сириш М.Сони қатысты.

 

Барлық жаңалықтар