ШҚО әкімдігі мен ҰКП ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды (Фото)

7 Қараша, 2014 14:03
ШҚО әкімдігі мен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығы.

Хабарламада айтылғандай, меморандум кәсіпкерлікті дамытуға арналған институцияналдық негіз құру бойынша бірлескен және келісілген әрекеттерді қарастырады. Басқаша айтар болсақ, бизнес ортаға қолайлы жағдай қалыптастырып, кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаны орындауға жол ашады.

«ШҚО-да халықтың 32 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады. Облыста бастауыш кәсіпкерлерге де тәжірибелі кәсіпкерлерге де тұрақты түрде қолдау көрсетілуде. Осы бағытта жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Меморандум арқылы облыста кәсіпкерліктің дамуына ерекше қолайлы жағдай жасалмақ. Аталмыш құжатқа қол қою Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге төте жол», - дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, келісім туралы құжатқа қол қою арқылы жедел арада жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасымен аудандар мен қалаларда «Кәсіпкерлер үйі» ашылады. Мұнда кешенді бизнес қызметтер көрсетілмек, деп хабарлайды ақпараттық орталық.

Барлық жаңалықтар