Ғаламдық қауіпсіздік парламентшілер назарында

7 Қараша, 2014 09:01
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған қазақстандық парламентшілер бүгін Мәскеу қаласында Мемлекеттік Думада өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесі жиынына қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

«Шараға қатысушылар заманауи кезеңдегі ҰҚШҰ парламенттік өлшемдернің өзекті сұрақтарын талқылады.  Әсіресе, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуде ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесімен өзара іс-қимыл төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ҰҚШҰ ПА  қатысушылары ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі шешімдерін жүзеге асыруда парламенттік дипломатияның әлеуеті зор екендігіне назар аударды.  

«Ауғанстанға ресми көмек бағытында ҰҚШҰ елдеріне бірлескен жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Ол аталған елде тұрақтылықты нығайтуға жол ашады. Бұл мәселені біздің Ассамблеяның алдағы отырыстарында талқылауымызға болады»,-деді  Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов.

Жиынға ҰҚШҰ мүше-мемлекеттер парламенттерінің басшылары, ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Ал, қазақстандық делегация құрамында сондай-ақ, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, Мәжілістің Халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бар.

 

Барлық жаңалықтар