Алматы облысында Балқаш көлін сақтап қалу бойынша жұмыстар атқарылды

5 Қараша, 2014 09:32
Алматы облысында Балқаш көлін сақтау мақсатында маңызды жұмыстар жүргізілді. Қаратал өзенінен Балхашқа дейін өзекті кәріз арнасының жүргізілуі бұрын-соңды көлге жетпей келген өзен суының еш кедергісіз құйылуына мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Амандық Баталов аумақты тіұшақпен аралап, Қаратал өзені арнасындағы жағдай мен ондағы жаңадан жүргізілген арнаның ахуалын бақылап қайтты.

«Осы уақытқа дейін өзен арнасының шайылып, ендік жағынан жайылуына байланысты Қаратал өзені Балхаш маңы құмдарында сіңіп келген. Соңғы 10 жыл ішінде экожүйеге де бірқатар залал келтірілді. Судағы балық көлемі азайып, жергілікті балық өндіру шаруашылықтарының жұмыстары тоқтап қалды», - делінген хабарламада.  

«Өзен арнасын тазартып, өзекті каналды тарту арқылы Балқаш көлге секундына 90 куб өзен суы құйылады. Осы арқылы біз Балқаш көлін сақтап қаламыз», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Керімбек Орынбаев.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстарды оңтайлы жүргізу үшін арнайы мелиоратор мамандардан топ құрылып, жаңа техникалар сатып алынған болатын. Оған облыстық бюджет есебінен 300 млн-ға жуық қаржы бөлінді.

Негізгі жұмыс шілде айында басталып бүгінгі күні түбегейлі аяқталды. Жүргізілген жұмыстар барысында өзен арнасы құмайт топырақтан тазартылды, қамыстар кесілді. 13 шақырымға созылған өзеннің ені тазартылып, тереңдетілді.

Жұмыс жоспары барысында өзеннің басқа да арналарын тазарту жұмыстары қолға алынбақ. Мамандардың айтуы бойынша мүндай жұмыстар өңірдегі экожүйенің сақталуына септігін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар Балхаш көлін сақтауға да өз ықпалын тигізеді. Атқарылған шара барысында көлдің бұрын-соңды жоғалтып келген су бөлігі қалыпқа келтірілді.

Сапар соңында облыс әкімі Амандық Баталов қолайлы орын ауыстыратын кеме іспеттес экскаватормен қатар басқа да қосымша қажетті техникалар сатып алуды тапсырып, өңірдегі тазалауды қажет ететін барлық өзен арналарын қарап шығуды тапсырды.

Барлық жаңалықтар