• Басты
  • Канадада «Астана Опера» театры өнер көрсетті

Канадада «Астана Опера» театры өнер көрсетті

3 Қараша, 2014 11:14
«Астана Опера» труппасының Карнеги Холда тамаша концерт берді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Театр директоры Төлеген Мұхамеджанов аталған сәулетті ғимараттың бірегейлігі туралы толығырақ айтып берді де, Қазақстанға осындай тамаша сыйлық жасаған президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа Өнер ордасы үшін алғыс білдірді. Директор сонымен қатар, біз әлемнің әртүрлі елдерімен достық көпірін мәдениет арқылы қалайтынымызды атап өтті. Төлеген Мұхамеджанов барлығын Қазақстанға, өте икемді баға саясатын ұстанатын және кез келген концертінің билетін 2 доллар 80 центтен басталатын бағаға сатып алуға болатын «Астана Опера» театрына шақырды, мұндай баға БАҚ өкілдерін таң қалдырғаны сөзсіз.

«Қазақстан халқының қаншалықты өнерлі екенін, оның мәдениетінің қаншалықты сан қырлы екенін Канададағылар жақсы біледі, алайда сырттай біліп, ол жайлы оқып, естіген бір бөлек те, мұндай «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, хоры мен тамаша солисттерінен тұратын кәсіби ұжымды өз көзіңмен көрген бір бөлек.

 «Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» демекші, осы тұрғыда біз мақалды ұстанамыз деп үміттенемін, алайда бұл ілгері басқан алғашқы қадам емес, үлкен қадам», - «Астана Опера» театрының труппасын Sony Centre сахнасында қарсы алған Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов осылай деп атап өтті.

Осыдан кейін көптен күткен концерт бастау алды. Әртістер паш еткен мәнді де, мәнерлі бағдарламада қазақтың ұлттық музыкасы және опера өнерінің әлемдік жауһарлары бар. Аталған сахнада өнер көрсету кезінде труппа шамалы алаңдады, неге десеңіз, уақыт тығыз, репетициясыз бірден шығу керек, дегенмен, мұндай ыңғайсыздыққа қарамастан, концерт құлақ құрышын қандырып, жоғары жетістікке ие болды.

Канадалықтарды ұлттық музыка және көрнекті скрипкашы Ержан Күлібаевтің керемет ойнағаны ерекше әсерге бөлеп, тыңдарман оны «болашақтың скрипкашысы» деп атады. Концертті «Астана Опера» өнер ұжымының бар қуатын көрсететін  Н. Бородиннің «Игорь князь» операсынан Қыпшақтар көрінісі аяқтап, залдағыларды орнынан тұрғызды, әрине, көпшіліктің шалқыған көңіліне сай бұл музыкалық шығарма екінші мәрте «Биске» орындалды.

 «Осы кеште солисттердің өнерін  тамашалай отырып, қазақстандық әншілер менің жобама қатысса тамаша болар еді деген ой келді. Олар шынымен де жаныңды баурап алатындай ойнайды екен. Концерт бойы байланысы үзілмеген ұлттық сарыннан белгілі бір тазалықты байқайсың, бұл Батыста тұратын біздер үшін адам нанғысыз бір есіп өткен самалдай болды. Біз көбіне екпіні күшті келетін алмандық бағытқа үйренгенбіз. Вокалдық серпін ауқымының кеңдігі денеңді шымырлатады. «Астана Операның» Әлемдік сапары барысында аралайтын елдер қатарына Канада кіргеніне қуанышым шексіз. Аталған труппа бізге тағы келгенін қалаймын», - дейді әсерімен бөлісіп, өз бағасын берген продюсер Джоэл Роэр.

 

Барлық жаңалықтар