ҮИИД МБ ашылғалы Қостанай облысында 74 нысан іске қосылды – әкім

31 Қазан, 2014 13:02
2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғалы бері Қостанай облысында жалпы құны 112 млрд теңге болатын 74 нысан пайдалануға берілді, деп мәлімдеді бүгін өңір басшысы Нұралы Садуақасов ОКҚ брифингінде.

«Индустрияландыру картасы жүзеге асырылғалы бері Қостанай облысында 4,5 мың тұрақты жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген жалпы құны 112,1 млрд теңге болатын 74 нысан пайдалануға берілді. Биыл 10,9 млрд  теңгенің 5 нысаны ашылды. Осы арқылы халыққа 251 жаңа жұмыс орны ұсынылды. 56 кәсіпорын жобалық қуаттылығының 81 пайызына шықты. Тағы 11 кәсіпорын жобалық қуаттылығының 50-90 пайызы шамасында жұмыс істейді. Тек бірғана кәсіпорынның мәселесі қиындау болып тұр. Дегенмен осы түйінді тарқату үшін «Қазагрофинанспен» әріптестік танытып, алдағы уақытта мәселені шешеміз деп үміттенемін», - дейді әкім.

Сонымен қатар әкім 2014 жылдың басынан бері 2010-2013 жылдардағы Индустрияландыру картасы аясында салынған кәсіпорындар өндірісі көлемі 50,2 млрд теңгені құрап, жалпы өңдеуші өнеркәсіп саласының 29 пайыз үлесін құрағанына тоқталды.

«Егер алдағы үш жылда 43 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 50 млрд теңге шамасында болды. Ал 2014 жылдың алғашқы тоғыз айы қорытындысымен 51 млрд теңгеге жетіп, жыл соңына қарай 70 млрд теңгенің өнімін өндіреміз деп жоспарлап отырмыз. Индустрияландыру картасын орындаудың басты мақсаты инвесициялық жобаларды орындау, заманауи құрылғылар әкелу, осы арқылы өндірісті жаңа деңгейге көтеріп, жаңа өнім түрлерін шығара бастау керек», - дейді әкім.

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар