ОҚО-да БЖК аясында биожем дайындайтын кәсіпорын ашылды

1 Қараша, 2014 09:32
ОҚО-ның Шардара ауданында биожем дайындайтын кәсіпорын ашылды.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған аталмыш жоба елде алғаш болып қолға алынып отыр.

Кәсіпорын Еуропадан әкелінген заманауи құрылғылармен жарақтандырылған. Олардың көмегімен жылына 730 тонна мал азығын дайындауға мүмкіндік бар. «Өндіріс технологиясы барынша қарапайым. Жем-шөп өндірісі кәдімгі бидай егуден басталады. Тұқым егілгеннен кейінгі алғашқы жеті күн бойы жылы оттегімен байытылған сумен суару керек. Осы уақытта егістік дамып жетіледі. Нәтижесінде 20-25 см-ге дейін өседі. Бір кг тұқымнан 7 кг өнім алуға болады. Мысалға 170 шаршы метр жерден екі тоннаға дейін өнім алынады. Бұнымен шектелмей алынған өнім биоынталандырғыш пен өзге де шөппен араластырылып, малға жем ретінде дайындалады», - деп хабарлайды әкімдік.

Мамандардың айтуынша, аталмыш биожем мал өсімін 30 пайызға, сүт беру деңгейін 20 пайызға дейін арттырмақ.

«Кәсіпорындағы құрылғының арқасында 170 шаршы метр жерден күн сайын 2 тонна биожем аламыз. Бұл өнім кәдімгі егістіктің 240 гектарынан алынатын өніммен пара-пар. Мұндай жерде егін егу оны өңдеу үшін қыруар қаражат пен күш керек. Ал біз болсақ ауа-райы жағдайларына қарамай-ақ 170 шаршы метр жерден жыл сайын 730 тонна табиғи жем аламыз», - дейді «Табиғи өнімдер» ЖШС директоры Мұзафар Ырысметов.

Барлық жаңалықтар