ҚР-да 2015 жылы ЖІӨ нақты өсімі 4,8% құрайды - Е.Досаев

23 Қазан, 2014 11:53
2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық болжамға сәйкес Қазақстанда 2015 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,8%-ды құрайды, деп хабарлады бүгін ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.

«Болжам бойынша ЖІӨ-нің нақты өсімі 2015 жылы 4,8%-ды немесе мақұлданған болжамнан 0,2%-ға төмен болмақ. 2016-2019 жылдары 5,3-6,7% деңгейде болады деп күтілуде», - деді Е.Досаев. 

Бұдан өзге, ол 2015 жылға қарай номиналды ЖІӨ 43,7 трлн астам теңге құрайды деп болжанғанын атап өтті. Сонымен қатар, аталған көрсеткіш 2019 жылы 70,7 трлн теңгеге артады деп жоспарланған. 

Сонымен қатар, жан басына шаққандағы ЖІӨ 2015 жылғы 13,5 мың доллардан 2019 жылы 20,8 мың долларға артады. 

«2015 жылы мұнай бағасының болжамдық деңгейі барреліне 90 доллардан 80-ге төмендетілді, ал 2016-2019 жылдары барреліне 90 доллар деңгейі сақталды. 2015 жылы металлға қатысты баға, 2019 жылға қарай 5,4%-ға артады деген болжаммен, қазіргі деңгейде қалып отыр», - деді министр.

 

 

Барлық жаңалықтар