• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланатын болады - Назарбаев

Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланатын болады - Назарбаев

22 Қазан, 2014 18:31
Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланатын болады. Бұл туралы Мемелекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы активімен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

 «Бізге елордасынан елдің барлық өңіріне қарай сапалы автомобиль жолдарын көптеп салу қажет. Құрылыс жұмыс орындары мен кәсіпорындар тапсырысын қамтамасыз етеді, ел экономикасының көлемін кемітпеуге мүмкіндік береді. Үкімет осы мәселемен айналысып жатыр, оны жүзеге асыруға Астана да атсалысуы тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Миланда өткен «Азия-Еуропа» Форумының салиқалы саммитіне шақырылған Орталық Азия елдерінің ішіндегі жалғыз мемлекет болғанын да атап өтті.

Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрақтылық пен барлық азаматтардың теңдігі еліміздің мызғымас ұстанымдары болып қала беретініне тоқталды.  

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздігі тұрақты ұғым болып саналатынына, ал оны сақтау әрбір азаматтың қасиетті борышы екендігіне назар аударды.

«Кезінде америкалық үндістердің көпшілігі түрлі басқыншылар  арқылы өз жерлерінен қуылды немесе жойылды. Тегі үндіс бір кинорежиссерге «байлық  бақыт болып санала ма?» деп сұрақ қойылады. Бұған ол: «Өзімде және өзгелерде бар бар бүкіл байлықты мен халқымның бір күндік тәуелсіздігіне берер едім» деп жауап қатыпты. Сондықтан біздің баршамызға тәуелсіздігімізді бағалаған жөн», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы еліміз қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелейтінін тілге тиек етті.

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы,  бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елордалық билік иелері алдында тұрған басымдығы бар міндеттерді белгілеп берді.

«Астананы әсем, жайлы және қолайлы ете түсу үшін жұмысты жалғастыру керек. Қазіргі басты міндет – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру, оны өткізу елорданы өзгертеді. Мүлде жаңа мәдениет және ғылым орталығы пайда болады. Халықтың демалысына,  сауда-саттыққа, ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған жаңа алаңдар бой көтереді. Ауқымды құрылыс 2016 жылы аяқталуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астанада өзге де маңызды нысандар құрылысы жүріп жатқанына, олардың қатарында «Абу-Даби Плаза» көпфункционалдық кешені, бірқатар жаңа мейманханалар, спорт кешендері, денсаулық сақтау мекемелері, ботаника бағы, жаңа теміржол вокзалы, автобус көлігінің жедел жүйесі бар екеніне назар аудартты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Астана елдің өзге қалалары үшін үлгі болып саналатындықтан оған айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Барлық жаңалықтар