Қазақстанның оңтүстік аймағында жаңа шекара заставасы ашылды

20 Қазан, 2014 18:32
Сарыағаш шекара отрядына қарасты жаңа «Дархан» шекара заставасы ашылды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков және Мұхтар Алтынбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасындағы Сарыағаш шекара отрядына қарасты жаңа «Дархан» шекара заставасының салтанатты ашылуына қатысты. Cенаторлар шекара қалашығының инфрақұрылымымен, автомобиль және арнайы техникасымен танысты, деп хабарлады Сенат.

«Аймақтық қауіпсіздікті, ішкі тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Елімізді сыртқы қауіптен қорғайтын Шекара қызметіне және оның өңірлік бөлімшелеріне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр», - деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комиетінің төрағасы И. Адырбеков.

Сенатор М. Алтынбаев «Басқа құрылымдар секілді «Дархан» шекара заставасының кешені қазіргі заманғы құрылыс ережелеріне сай және шекара күзетіне қажетті жағдайлар жасалып салынған», - деп атап өтті.

 

 

Барлық жаңалықтар