Е.Құрманбек: Қазіргі заманғы буын ата-баба мұрасын ұмытпауы керек

20 Қазан, 2014 16:47
Ұлытау баурайында берген сұхбатында Елбасы елдің рухани байлықтарына кеңінен тоқталып, тарих пен мәдениеттің бүгінгі таңдағы көкейкесті тұстары турасында аталы сөзін айтты, дейді Strategy 2050.kz агенттігіне берген сұхбатында Ақтөбе облыстық Әйтеке би атындағы қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Құрманбек.

«Қазақ жерінде қасиетті жерлер өте көп. Ата-бабаның мұрасы болып қалған тарихи орындар бүгінгі таңда халықтың рухани құндылығына айналды. Осынау байлықты бір кездері ата-баба найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бізге мирас етіп қалдырды. Қазіргі ұрпақ ата-баба мұрасын естен шығармай, тарихына лайық ел болуы керек», - дейді қор төрағасы.  

Оның айтуынша, Әйтеке би секілді тарихи тұлғаның өмірі мен даналығы қазақтың мемлекеттілігінің қалыптасуында үлкен мәнге ие. Ол қасиетті Ордабасы жерінде хан сайлауына тікелей қатысқан билердің бірі. 30 жасында Әйтеке би кіші жүздің бас биі болып сайланды. Ол туралы бүгінгі таңда көптеген зерттеу еңбектер жарық көруде.

«2008 жылы Ақтөбеде оған ескерткіш орнатылды. Оның атында облыстық қайырымдылық қоры жұмыс істеуде. Оны ұйымдастырушы Әйтеке бидің тікелей ұрпағы Сәлім Шыңғысов. Қордың бастамасымен Әйтеке би оқулары мен спорттық шаралар өткізіледі. Мәскеудегі Герасимов атындағы антропологиялық қалпына келтіру зертханасында Әйтеке бидің бет бейнесі жасалынды. Онымен қазақстандық және ресейлік көптеген ғалымдар айналысты», - дейді Е.Құрманбек.

Е.Құрманбектің айтуынша, 90 жылдардың басында Қазақстан Үкіметінің шешімімен Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданында республикалық шара – Әйтеке би күндері ұйымдастырылды. ҚР Президентінің 1997 жылдың 16 шілдесіндегі Қаулысымен Комсомол және Қарабұтақ аудандары Әйтеке би ауданы болып біріктірілді.

«Жалпы, атақты бидің ұлағатты ойлары мен өмір жолын бүгінгі ұрпағы аңыз қылып айтады. Өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі бидің даналығының орны ерекше», - дейді.

Барлық жаңалықтар