• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Бәйтерек» холдингі Алматының ескі үйлерін бұзу жобасына 10 млрд теңге инвестиция бөледі

«Бәйтерек» холдингі Алматының ескі үйлерін бұзу жобасына 10 млрд теңге инвестиция бөледі

17 Қазан, 2014 15:18
Бүгін II Алматы инвестициялық форум аясында 2015 жылғы іскерлік байланыс жөнінде Алматы әкімдігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ы арасында меморандум жасалды, деп хабарлады қала әкімдігі.

Бұл маңызды құжатқа Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Қуандық Бішімбаев қол қойды.

Меморандумның мақсаты - индустриалды-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды орындау, кіші және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй салу, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту Бағдарламасын жүзеге асыру.

«Жасалған Меморандумға сәйкес, «Байтерек» холдингі ескі үйлерді бұзып, олардың орнына жаңа үйлер салу жөніндегі Бағдарламаға 10 млрд. теңге инвестиция бөлмек. Бұдан өзге, холдингтің Алматыдағы еншілес ұйымдары кіші және орта бизнеске қолдау білдіретін болады, олар жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар еншілес ұйымдар мегаполистегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысады», - делінген хабарламада.

«Байтерек» ҰБХ өнеркәсіп, құрылыс, тарнспорт және туризм салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландырады.

 Холдинг Алматы экономикасына ірі институциялық инвесторларды тартады, соның ішінде қала шаруашылығының түрлі салаларын бірігіп қаржыландырады, мегаполистегі өзінің еншілес ұйымдары инвестиция бөлген орта және кіші бизнестің дамуына ықпал етеді.

Алматы қаласы өз кезегінде субьектілерден әкімдікке түскен индустриалды-инновациялық және инфрақұрылымдық жобалардың базасын жасайды, холдингтің еншілес ұйымдары жүзеге асыратын жобаларға жан-жақты қолдау көрсетеді.

Бұлардан өзге, Алматы әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ-ы да іскерлік байланыс жөніндегі Меморандумды жасады. Бұл құжатқа қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов пен Қор басқармасының төрайымы Ляззат Ибрагимова қол қойды.

Меморандум аясында қала әкімдігі мен «Даму» Қоры сауда мен қызмет көрсету салаларындағы жеке кәсіпкерлік субьектілеріне өңірлік қаржылай көмек көрсетеді. Яғни, тараптардың әрқайсысы бөлетін қаржы көлемі 2 млрд. теңгеге дейін болмақ.

Барлық жаңалықтар