Атырау және БҚО фермерлері Астанадағы жәрмеңкеге 60 тонна балық әкеледі

17 Қазан, 2014 19:46
Ертең, 18 қазанда Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өтеді, деп хабарлады қала әкімдігі.

Жәрмеңкеде Атырау облысынан жалпы 130 тонна өнім сатуға шығарылады. Астаналықтарға 52 тонна балық, 50 тонна көкөніс, 20,5 тонна ет және 3 тонна сүт өнімдері, 10 800 дана жұмыртқа ұсынылады.

«Жәрмеңкеде Батыс Қазақстан облысынан әкелінген 550 тонна өнім сатылады, оның ішінде 14,7 тонна ет және ет өнімдері, 0,5 тонна сүт өнімдері, 490 тонна картоп пен көкөніс, 2 тонна кондитерлік өнімдер, 4 тонна консерві, 5 тонна ұн, 3 тонна шұжық өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 8 тонна балық өнімдері (сазан, ақтабан, ақбалық), 1 тонна бал, 21 тонна басқа өнімдер», - делінген хабарламда.

Бұдан басқа, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына қос облыстың концерттік бағдарламасы ұсынылады.

Еске салайық, Астанада өңірлердің қатысуымен өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкелері 20 қыркүйекте басталған.Елордада өзге өңірлерден әкелінген өнімдердің жәрмеңкелерін ұйымдастыру дәстүрге айналып, бес жылдан бері өткізіліп келеді. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде өнімдер базардағы бағадан 10-20% арзан сатылады.

 

Барлық жаңалықтар