• Басты
  • Жаңалықтар
  • Франция Президентінің Қазақстанға келуіне орай қазақстандық-француздық жобалар іске қосылады

Франция Президентінің Қазақстанға келуіне орай қазақстандық-француздық жобалар іске қосылады

17 Қазан, 2014 10:52
Франция Президентінің Қазақстанға келуіне орай қазақстандық-француздық жобалар іске қосылмақ, деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов экономикалық ынтымақтастық бойынша 11-ші Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының отырысында.

«Саяси диалог өнімділігінің жоғары деңгейінің арқасында қазақстан-француз қатынасы стратегиялық әріптестік сипатына енді», - дейді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, экономикалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының отырысы Француз Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға күтіліп отырған алдағы сапарына дайындық аясында өткізілуде. Аталмыш сапар 2014 жылдың желтоқсанының басына жоспарлануда. «Француз Президентінің сапарына орай жаңа жобалардың іске қосылуы біз үшін өте маңызды», - дейді ол.

Ведомствоның хабарлауынша, тараптар туризм, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, көлік, білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, атом өнеркәсібі және өзге де салалардағы жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.

«Францияның өндірістік технология, энергетика, техникалық оқыту, инновация саласындағы әлеуеті жоғары. Бұл елмен әріптестік Қазақстандағы үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мен Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі жобаларын жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қоспақ», - дейді еліміздің бас қаржыгері.

Айта кету керек, қазақстандық делегацияны ҚР инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау бастайды. Ал франция өкілдерінің басында Францияның Сыртқы істер министрлігі мен халықаралық даму министрлігі жанындағы Сыртқы сауда, туризмді дамыту мен шет елдердегі француз азаматтары істері бойынша мемлекеттік хатшысы Матиас Фекл болмақ.

Камила Амирова

Барлық жаңалықтар