• Басты
  • Жаңалықтар
  • Швейцария Парламентінің депутаттары еліміздің «жасыл экономиканы» дамыту тәжірибесімен танысты -СІМ

Швейцария Парламентінің депутаттары еліміздің «жасыл экономиканы» дамыту тәжірибесімен танысты -СІМ

17 Қазан, 2014 09:47
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму жөніндегі комитетінің Төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев және Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов құрамына кірген қазақстандық делегация Парламентаралық одақтың Женева қаласында өтіп жатқан 131-ші Ассамблеясының жұмысына қатысуда.

«Іс-шараның күн тәртібіне орай алғашқы күні Қазақстан делегациясы еліміздің халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарына сәйкес кезектен тыс сұрақтарды қарастыруға қатысты. Ассамблея шеңберінде қазақстандық депутаттар Парламентаралық одақтың жаңа Президенті лауазымына үміткерлердің бірі, Индонезияның көрнекті саяси қайраткері Нұрхаяти Али Ассегаф ханыммен кездесу өткізді», - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Сонымен қатар, депутаттар Берн қаласында ҚР Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан-Швейцария» парламентаралық ынтымақтастық тобының кезекті отырысына қатысты.

Тараптар екі елдің баламалы атом энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаты және дәстүрлі энергия көздерін тиімді және қауіпсіз пайдалану туралы ақпаратпен алмасты. Швейцария Парламентінің депутаттары еліміздің «жасыл экномиканы» дамыту бойынша тәжірибесімен және оның «жаңартылған энергия көздерін өңдеу және пайдалану» сияқты негізгі бағытымен қызыға танысты. Қазақстандық депутаттар «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары және аталған шараға сәйкесінше заңнамалық талаптардың құрылуы туралы айтып берді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Швейцария парламенттері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша мәселелерді талқылады.

 

Барлық жаңалықтар