• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс - сенатор

2025 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс - сенатор

16 Қазан, 2014 17:36
Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясына сай, 2025 жылы қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы қазақ тілін білуі тиіс, деп мәлімдеді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді қолдау мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп жатқаны қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейте түсуде. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, қаржы мен өзге де салаларда мемлкеттік тіл айналымға еніп, жан-жақты қолданысқа түсті», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуын айқындайтын Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында мемлекеттік тілді қолдау шаралары қарастырылған.

«Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясына сай, 2025 жылы қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы қазақ тілін білуі тиіс. Бүгінгі таңда, менің қолымда бар мәлімет бойынша, елімізде қазақ тілінде білім беретін 3800-ден астам мектеп бар. Бұл дегеніңіз Қазақстандағы жалпы оқушылардың саны 2,5 млн болса, соның 2 млн-ға жуығының қазақ тілінде оқитынын көрсетеді. Нәтижесінде, алдағы уақытта еліміздің әр саласында еңбек ететін жастардың басым көпшілігінің қазақ тілді болатынын көрсетеді», - дейді депутат.

Бауыржан Мұқанов

Суретті түсірген Азамат Әлиев 

Барлық жаңалықтар