• Басты
  • Таразда химия саласының мамандарын дайындайтын оқу орталығы ашылады

Таразда химия саласының мамандарын дайындайтын оқу орталығы ашылады

15 Қазан, 2014 16:28
Тараз химия-технологиялық колледжінің базасында өңірдің химиялық кәсіпорындарына маман дайындайтын заманауи оқу орталығы ашылады.

Бұл туралы Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының «Бірлескен химия өнеркәсібі» ЖШС, Kazakhstan Petrofac B.V, Жамбыл облысы әкімдігі, өңірдің химия саласы компаниялары («Қазфосфат» ЖШС, «ЕуроХим – Тыңайтқыш» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС), колледждер мен БАҚ өкілдерімен кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысына сай өңірдегі химия саласының жоғары даму әлеуетін ескере отырып Жамбыл облысы Шу ауданында «Тараз» химия паркі» еркін экономикалық аймағы құрылмақ. Онда әлемдік талаптарға жауап беретін химиялық өнім шығаратын 20 шақты жаңа өндіріс салынбақ.

Осыған орай химия саласының  мамандарын дайындау мәселесі өте өзекті болып отыр.

«Облыстағы жеті колледж химия өнеркәсібінің 9 түрлі мамандықтарын оқытады. Қазіргі таңда колледждердегі 30 мың студенттің 1500-і химия саласы бойынша мамандық меңгеріп жатыр», - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.

Оның айтуынша, химия саласы мамандықтарының биылғы жылғы түлектерінің 60 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.

Биыл Таразда Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған 600 орындық Тараз химия-технологиялық колледжі пайдалануға берілді. Кездесу барысында аталмыш колледж базасында химия саласының мамандарын дайындайтын заманауи орталық құру туралы келісім жасалды.

«Жобаны қаржыландырумен аталмыш салаға – Kazakhstan Petrofac B.V. компаниясына кәсіби мамандарды тартқан «Бірлескен химия компаниясы» ЖШС «Самұрық» құзірет орталығы айналысатын болады. Олар 30 жылдан астам уақыт бойы әлем бойынша осындай орталықтар ашып жүр. Сингапурда да мұнай-химия саласының мамандарын дайындайтын орталық ашты», - делінген хабарламада.

«Самұрық» құзірет орталығы» ЖШС бас директоры Жангелді Сейітовтың айтуынша, орталықтың ашылуы жарты жылдан астам уақытты алады. Ғимаратта оқу корпустарынан бөлек тренингтер өткізуге арналған шағын зауыт пен төтенше жағдайлар кезінде студенттерге не істеу керектігін үйрететін орталықтар салынбақ.  

Барлық жаңалықтар