• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандықтар ШЫҰ елдері арасындағы байқауда үздік инновациялық жобаларын таныстырды

Қазақстандықтар ШЫҰ елдері арасындағы байқауда үздік инновациялық жобаларын таныстырды

14 Қазан, 2014 12:37
Уфада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің Жастар инновациялық форумы өтті, шара аясында бизнес-жобалардың байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық палатасы.

«Үздік инновациялық өнім», «Үздік инновациялық жоба», «Үздік инновациялық идея» аталымдары бойынша өткен байқауда қатысушылар 6 бағыт бойынша сынға түсті.

«Үздік инновациялық өнім» аталымындағы «Наножүйенің индустриясы» бағыты бойынша қазақстандық Владимир Таланов жеңімпаз атанды. Ал «Ауыл шаруашылығы» бағытында Артем След үздік танылып, «Үздік инновациялық өнім» аталымында да алдыңғы орыннан көрінді. «Владимир Талантев нағыз стартапшы. Бизнесті нөлден бастаған ол мемлекеттен қолдау алатын түрлі бағдарламаларға қатысты. Бүгінгі таңда соның нәтижесі ретінде Тенра Аэролайф тұрмыстық және өндірістік ауа тазартудың инновациялық  жобасын дайындап, жемісті еңбек етуде. Екінші жүлдегер Астана мен Қостанайдағы «Атамекен стартап» жобасының қатысушысы Артем След. Ол байқауға өзінің колорадо қоңызына қарсы препарат алу бойынша авторлық технологиясын алып келіп, «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік инновациялық жоба» аталымында үздік деп танылды», – дейді қазақстандық делегация жетекшісі, «Атамекен стартап» ҚҚ директоры Нұрлан Тазабеков.

Оның айтуынша, 30 сарапшы бірнеше күн бойы 80-нен астам түрлі жобаны бағалап, ақтық сынға 18 қатысушыны өткізді.

Нұрлан Тазабековтың айтуынша, форум өте жоғары деңгейде өтті. Оған ШЫҰ елдерінің бизнес идея авторларынан бөлек стартап саласының айтулы тұлғалары, еншілес инвесторлар, бизнес инкубаторлар қатысты. «Қазақстаннан әкелінген үміткерлер жобасының шоқтығы биік болды. Бар болғаны екі жоба әкеліп, екеуі де үздіктер қатарынан көрінді», - дейді ол.

Бизнес идеялар байқауының жеңімпаздары Ресей Жастар Одағының бизнес клубына енгізіліп, биылғы жылдың қазан айында Мәскеудегі «Крокус Экспода» өтетін көрмеге қатысуға мүмкіндік алды.

Барлық жаңалықтар