• Басты
  • 14 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда еңбек етіп жүр

14 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда еңбек етіп жүр

21 Сәуір, 2021 11:10

2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 14 794 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 648 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 240 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 397 адам және 491 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 329 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 689 адам тартылған.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 641 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 489 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды. Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3 617 адам, Түркия – 1 490 адам, Үндістан – 1 098 адам, Ұлыбритания – 947 адам, Өзбекстан – 1 369 адам", делінген хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.


Барлық жаңалықтар