• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Малайзия құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Қазақстан мен Малайзия құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

11 Қазан, 2014 14:33
Малайзияның әкімшілік орталығы Путраджая қаласында ҚР Малайзиядағы Елшісі Данияр Сарекеновтің Малайзияның Бас Прокуроры Абдул Гани Патайлмен кездесуі өтті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Кездесу барысында тараптар 2014 жылы  22-24 мамырда өткен Малайзия Премьер-министрі Наджиб Разактың Қазақстан Республикасына сапары нәтижесі бойынша қабылданған Қазақстан Республикасы мен Малайзияның Бірлескен мәлімдемесінде белгіленген құқық қорғау саласында ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Елші Д.Сарекенов, ү.ж. мамыр айында Астанада өткен жоғары деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан мен Малайзия басшылары Н.Ә.Назарбаев пен Н.Разак екі елдің мүдделі ведомстволарына ұйымдасқан қылмысқа, есірткі трафигіне, адам және қару-жарақ саудасына қарсы күрес, сонымен қатар лаңкестіктің барлық түрлерін жою салаларында ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастыру бойынша тапсырма берілгенін атап айтты.

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, кездесу шеңберінде Қазақстан Елшісі және Малайзия Бас Прокуроры экстремизм мен лаңкестік саласындағы негізгі қауіп-қатерлері, олардың халықаралық және аймақтық деңгейде алдын-алу бойынша екі ел үкіметтерінің іске-асырып жатқан шаралары бойынша ой бөлісті.

Атап айтқанда, Д.Сарекенов Қазақстан басшылығының елдегі этникаралық және діниаралық келісімді сақтау бойынша атқарып жүрген жүйелі жұмыстарында ерекше тоқталды.

Тараптар құқық қорғау саласындағы құқықтық-келісім-шарт базасын одан әрі кеңейту қажеттілігі бойынша ортақ келісімге келді.

 

Барлық жаңалықтар