• Басты
  • Ереванда «Ұлы жібек жолындағы музыкалық сұқбат» фестивалі өтті

Ереванда «Ұлы жібек жолындағы музыкалық сұқбат» фестивалі өтті

10 Қазан, 2014 19:03
Армения Республикасының астанасы Ереван қаласында «Ұлы жібек жолындағы музыкалық сұқбат» фестивалі есігін айқара ашты. Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі.

Фестиваль қонақтары мен қатысушыларына арнаған сөзінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі музыкалық фестиваль Ұлы Жібек жолындағы елдер арасындағы мәдениетаралық қатынасты нығайтудың құралына айналатындығына сенім білдірді.

«Музыкалық диалог» – мәдениетаралық сұқбатты нығайту бойынша мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытуға, Ұлы Жібек жолы елдерінің мәдениетаралық сұқбатын, толеранттылығын және тарихи-мәдени негізін нығайту мәселелерінде өзара әрекет ету бойынша жаңа алаң құруға себеп болатын мемлекеттер арасындағы ашық сұқбат» екендігін атап өтті министр А. Мұхамедиұлы.  

Музыкалық фестиваль әлемнің Қазақстан, Үндістан, Қытай, Өзбекістан, Катар, БАӘ, Иран, Ирак, Туркия, Сирия, Иордания, Тунис, Марокко, Франция, Испания, Армения және Таулы Қарабақ сияқты 17 елінің 20-ға жуық қатысушысының басын біріктірді. Олар өз өнерлерін Ереван мен Таулы Қарабақтың Степанакерт қаласында көрсетеді.

Қазақ елі атынан Қазақтан Республикасы Президентінің арнайы сыйының иегері, мемлекетімізді шетелге танытып келе жатқан танымал шығармашылық ұжымдарының бірі «Тұран» ансамблі лайықты өнер көрсетті.

Өз шығармашылығында дәстүрлі қазақ музыкасын инновациялық технологиялармен шебер үйлестіре білген «Тұран» ансамбілінің өнеріне қонақтар мен фестиваль қатысушылары тәнті болды. Министр А. Мұхамедиұлы мен Қазақстанның Армениядағы Елшісі  Айымдос Бозжігітов отандық әртістерді сәтті өнер көрсетулерімен құттықтады.

Фестиваль қатысушалары мен қонақтары үшін армян халқының мәдениеті мен өмір салты бойынша бағдарламалар, Ваденец (Селимский) асуы және басқа да тарихи ескерткіштеріне экскурсия ұйымдастырылды.

Әр елдің шығармашылық ұжымдары фольклорлық жанрда 4-5 шығармасын орындайтын шараны өткізудің жаңа форматы, ұлттық киімдердің әдемілігі, ұлттық нақышқа, өзіндік иірімдерге толы атмосфера фестивальді Азия елдерін ғана емес, Еуропа мемлекеттерін біріктірген Ұлы жібек жолы елдері мәдениеттерінің бірігуі мен  үйлесуінің үлгісіне айналдырды.

 

Барлық жаңалықтар