Жамбыл облысының химия саласына 900 млрд теңгеден астам қаржы тартылды

10 Қазан, 2014 11:49
ҮИИД МБ арқасында өңірдің химия саласына 900 млрд теңгеден астам инвестиция құйылады, деп мәлімдеді бүгін ОКҚ брифингінде Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев.

«Өңірдің химия саласында алға ілгерілеушілік байқалады. Алдағы уақытта осы сала өңірдің өндірістік әлеуетін өрге сүйреуші бірден бір сала болатынына сенімдімін. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2020 жылға дейінгі өңірдегі химия саласындағы жобаларға 900 млрд теңге көлемінде инвестиция салынбақ», - дейді ол.

Айта кетерлігі, 2020 жылға қарай химия өндірісінің өнімі Жамбыл облысы бойынша 324 млрд теңгеге дейін артып, 2013 жылмен салыстырғанда 6 есеге дейін ұлғаймақ.

Оның айтуынша, химия өнеркәсібі саласынан өңір бюджетіне салықтық түсім көлемі 3,2 есеге дейін артады деп күтілуде.

Осылайша химия өнеркәсібі өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің тасын өрге домалатпақ. Ірі химиялық өндірістер айналасынан 4 индустриялды аймақ құру жоспарланған. Соның нәтижесінде 100 шақты шағын және орта бизнес субъектісі құрылмақ.  

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар