• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2020 жылы қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 100%-ға жетеді – С.Сәлемов

2020 жылы қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 100%-ға жетеді – С.Сәлемов

9 Қазан, 2014 15:04
Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай, 2020 жылы қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 100%-ға жетеді. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының «Халық бірлігі» бағыты бойынша сараптама тобының кезекті отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов мәлімдеді.

«Терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру, терминқорды қалыптастыру Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағдарламаға сәйкес 2014 жылы қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 20%-ға, 2017 жылға қарай – 60%-ға, ал 2020 жылға қарай – 100%-ға жеткізу міндеті алға қойылған», - деді Серік Сәлемов.

Оның айтуынша, жалпы терминологиялық қорымызда қанша термин бар екендігін шамалап болса да айту қиындық туғызып отыр. Бұл жүйелі түрде арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе.

«Елімізде терминологиялық жұмыстарды реттеумен айналысатын негізгі орган – бұл Республикалық терминология комиссиясы. Жылына өтетін 4 отырыста бұл саланың бар қордаланған мәселелерін шешу жағы бұлыңғыр», - дейді төраға орынбасары.

Айта кетейік, бүгін «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының «Халық бірлігі» бағыты бойынша сараптама тобының кезекті отырысы өтіп, онда қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорын құру, сондай-ақ, 2014 жылғы 4 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның бірінші отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Бауыржан Мұқанов 

Барлық жаңалықтар