ҚХА-ның 20 жылдығы әрбір қазақстандықтың мерекесі – Сәдуақасова (ВИДЕО)

9 Қазан, 2014 09:47
2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл күн әрбір қазақстандықтың мерекесі, дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлтаралық және дінаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында.

«2015 жылды Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы етіп жариялады. Келер жылы аталмыш институттың құрылғанына 20 жыл толатыны белгілі. Ассамблея Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық қатынастарды үндестіру жолында ауқымды шаралар атқаруда. Қазақстан осы тұрғыда тарихи даму ерекшеліктерін сақтай отырып бүгінгі күнде бірнеше ұлт пен дін өкілдеріне теңдей жағдай жасап отырған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі», - дейді доктор.

Сонымен қатар, А.Сәдуақасованың айтуынша, ҚХА құрылуындағы басты міндет Қазақстанның ұлтаралық топтары арасындағы үйлесімді орнату еді.

«1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіз даму жолындағы алғашқы қадамдарға аяқ басып жатқан еді. Осы тұрғыда қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттемелерінің бірі еді. Содан бері өткен 20 жыл ішінде елімізде аталмыш бағытта атқарылған жұмыстар өзінің нәтижесін көрсетті. Енді бүгінгі таңда осынау датаны кез келген қазақстандық ерекше мереке ретінде тануы тиіс. Өйткені бұл әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей қатысты дүние», - дейді ол.

Оның пікірінше, аталмыш бағыттағы қол жеткізген жетістіктер Мемлекет басшысы мен азаматтық сектордың ерен еңбегінің арқасы.  

«Осы уақыт аралығында біз алғашқы кездердегі қоғамның алдынан көлденең шыққан ұлтаралық және дінаралық келісім мәселелерін өз деңгейінде шешсек, Мемлекет басшысының көреген саясаты, мемлекеттік органдардың толыққанды қызметі мен азаматтық сектордың белсенді азаматтық ұстанымы, соның ішінде Президенттің айналасына топтасқан этномәдени бірлестіктер позициясы Елбасының Жолдауларында айтылған мемлекеттік басты міндеттемелерді іске асыруға үлес қоса отырып бүгінгі жарқын күнімізге жетуімізде үлкен мәнге ие болып отыр», - дейді А.Сәдуақасаова.

Индира Қауметова

 

 

Барлық жаңалықтар