У Хунбо: «Электронды үкімет» – тұрақты дамудың басты элементі

7 Қазан, 2014 12:37
Бүгін Астанада өтіп жатқан Global e-Government Forum 2014 барысында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары У Хунбо «Электронды үкімет» – тұрақты дамудың басты элементі екенін атап өтті.

«Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі маңызды механизм ретінде электронды үкіметтің зор әлеуетін мойындаймыз. Электронды үкімет мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырады. Әлемдегі барлық мемлекеттер осы бағытта жұмыс істеп, электронды үкіметті барлық деңгейде дамытуға күш салады. Электронды үкіметті дамытудың «ақылды» үкіметті дамытуда маңызы зор.

Ол сондай-ақ,  шешімдер қабылдау үшін азаматтарды тартуда мемлекеттің қатысуын кеңейтетіндігін айтты.

«Ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметтерді бағалаудағы кедергілерді жояды. Келешекте экономикалық даму өсімі тең, тұрақты дамитын қоғамға қол жеткізуде бұл жұмыстың маңызы үлкен. Бұл даму бағытымызды нақты айқындауға ықпал етеді. Бүгін осы бағыттағы біліміміз бен тәжірибемізбен бөлісу үшін жиналып отырмыз», - дейді У Хунбо.

Екі күн бойы форумға қатысушылар сарапшылар мен мемлекеттік құрылымдар арасында тәжірибе алмасу, ақпараттық қоғам дамуының әлемдік үрдісі мен бұл процеске электронды үкіметтің ықпалы мәселелерін талқылайды.

Global e-Government Forum 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Алғашқы екі жылда форум электронды үкіметтің дамуы бойынша көшбасшы болып саналатын Оңтүстік Кореяда өтті. Қазақстан мұндай ауқымды іс-шараны өткізу құқығына АКТ мен электронды үкімет саласындағы жетістіктердің арқасында ие болды.

Айта кетейік, Астанада «Электронды үкімет – 2014» жаһандық форумы өтіп жатыр. Форумға 70 елдің мемлекеттік қайраткерлері, ғалымдар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының жетекші халықаралық сарапшылары жиналды. Биылғы жиын «Тұрақты даму мақсатындағы ақылды басқару: желілік қоғамдағы серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбына арналып отыр.

Индира Қауметова 

Барлық жаңалықтар