Иран 2 млн тонна қазақстандық астықты импорттауға дайын - ҚазАгро

6 Қазан, 2014 09:32
Астанада «ҚазАгро» Холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Дулат Айтжанов Иранның Үкіметтік сауда корпорациясының (GTC) төрағасы Али Гханбаримен және GTC сатып алу комитетінің мүшелерімен кездесті.

«Кездесу барысында қазақстандық тарап қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін транзиттік тасымалдау, сондай-ақ астық бойынша СВОП-операцияларды іске асыру аясында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді», - деп хабарлады ҚазАгро.

Өз кезегінде Иран тарабы астық дақылдарының өзара сауда көлемін арттыруды және СВОП-операцияларын ұйымдастыруға, сондай-ақ майлы дақылдар мен етті импорттауға қызығушылық білдірді.

GTC Корпорациясы 2-3 маркетингтік жылдар ішінде 2 млн. тоннаға дейін қазақстандық астықтың импортын арттыруға дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Иранның Үкіметтік Сауда Корпорациясы (Governmental Trading Corporation of Iran) – Иранның сауда министрлігінің үлестес компаниясы. Оны құрудың негізгі мақсаты бидай, күріш, шитті қант, шикі мұнай, ұнтақты сүт, отандық және шетелдік тыңайтқыштар сияқты негізгі тауарларды сатып алу арқылы елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл тауарлар тұтынушылар арасында төмен бағамен бөлінеді.

Барлық жаңалықтар