Ақтөбе облысын жылыту маусымына дайындауға 10,2 млрд теңге жұмсалды

3 Қазан, 2014 14:33
Ақтөбе облысын жылыту маусымына дайындауға 10,2 млрд теңге жұмсалды. Соның ішінде 2,6 млрд теңге нормативті қорды дайындауға кетті, деп мәлімдеді бүгін әкімдік жиынында облыстық энергетика және тұрғын үй-шаруашылық басқармасы жетекшісі Мамырғазы Аққағазов.

Оның айтуынша, өңірде 311 қазандық, 231 км жылу трассасы, 169 км сумен қамту және су жіберу желісі жылыту маусымына дайын. Нақтырақ айтсақ, олардың дайындық деңгейі 90% шамасында. Бүгінгі таңда 48 мың тоннадан астам отын, 8,9 мың тонна сұйық отын жеткізілген. Биылғы жылыту маусымына да осыншалықты отын жоспарланған.

«Алға қаласының орталық қазандығын жаңғыртуға 445,7 млн теңге қарастырылған. Ондағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып қалды. Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы орталық шағын қазандықты қалпына келтіру жұмыстарына 150,7 млн теңге ғана қажет. Шалқар қаласындағы орталық қазандық пен жылу желілерін жөндеу жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар Қандыағаш жылу желісін күрделі жөндеу үшін бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген. Биыл аталмыш жұмыстардың барлығына республикалық бюджеттен 325 млн, жергілікті бюджеттен 32,5 млн теңге бөлінді. Жұмыстар келер жылы аяқталады», - дейді басқарма басшысы.

Барлық жаңалықтар