• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаевтың қатысуымен Боржақты-Ерсай жаңа теміржолының құрылысы басталды

Н.Назарбаевтың қатысуымен Боржақты-Ерсай жаңа теміржолының құрылысы басталды

1 Қазан, 2014 17:34
Елбасы Маңғыстау облысының кәсіпкерлерімен және жұртшылық өкілдерімен кездесті.Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстың орналасу аумағын тиімді пайдалануға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына назар аудара отырып, өңірдің оң сипатта дамып келе жатқандығына тоқталды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

«Менің тапсырмам бойынша, Ақтау теңіз портының жүк өткізу қуаты 12,5 миллионнан 16 миллион тоннаға дейін ұлғайтылды, ал 2020 жылға қарай оның көлемі жылына 22 миллион тоннаға дейін жеткізілетін болады. Иран жыл сайын 6 миллион тонна астық сатып алуға дайын. Олармен осы және басқа да салаларда қол жеткізілген уағдаластықтар сыртқы нарықтарға шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жалпы алғанда, Ақтау теңіз портын ескерсек, біздің еліміздің экспорттық әлеуеті зор, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстан Президенті сондай-ақ әзербайжандық капиталдың қатысуымен Ақтауда жүзеге асырылып жатқан логистикалық орталық құрылысының жобасы Қазақстанның барлық тұтынушылары үшін сапалы әрі арзан жеміс және көкөніс өнімдеріне жол ашатынын атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақты әрі қарай дамыту мәселелерін де қозғады.

« АЭА 2002 жылы құрылды, ал оның инфрақұрылымы тек 2009 жылы ғана салына бастады. Алғашқы алаңы 2012 жылы берілді, оған 7 миллиард теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Алайда, АЭА аумағында тіркелген 31 жобаның бүгінгі таңда тек 5-еуі ғана жұмыс істейді. Ондағы кәсіпорындар 220 миллиард теңгеден астам соманың өнімін шығарып, 10 миллиардқа жуық салық төледі. Қайтарым бар, сондықтан олардың әлеуетін жүзеге асыруды жалғастырған жөн. Қалған барлық жобалар бойынша жұмысты жандандырып, инвестор тартуды бастау керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті облыстың өндіруші өнеркәсібінің мамандануын кеңейтудің маңыздылығына назар аударды. «Маңғыстау облысында уранның, стронцийдің, марганецтің, мыстың, минералды тұздардың едәуір кені бар. Олардың көпшілігі барланған, бірақ өндіріліп жатқан жоқ. Түптеп келгенде, олар металлургиялық өнеркәсіптің бірқатар бағыттарына, жаңа индустриялық-инновациялық жобалар жасауға қажетті әлеует бола алады. Өңірдің экономикасы әзірге мұнай өндірісіне сүйеніп тұр, бұл ретте шағын және орта кәсіптің үлесі небәрі 18 пайыз ғана. Соған орай біз өзге салаларға да көбірек көңіл бөлуге тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвестициялар тартудың маңызына тағы бір рет назар аударды, сондай-ақ облысты қарқынды дамыту үшін жасалған шарттарды белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті. 

Сонымен қатар, кездесуде Мемлекет басшысына ұзындығы 13,8 шақырым болатын Боржақты – Ерсай жаңа теміржолының құрылыс жоспары таныстырылды. Сонымен қатар Боржақты стансасынан тікелей бейнетрансляция ұйымдастырылды және оның барысында Президент теміржол құрылысын бастауға рұқсат берді.

Барлық жаңалықтар