Сенат Түркі Академиясын құру туралы заң жобасын қарады

1 Қазан, 2014 16:43
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Түркі Академиясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасының мақсаты түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің қолдауымен халықаралық ұйым нысаны ретінде Түркі Академиясын құру туралы аталған келісімді ратификациялау болып табылады.

Түркі Академиясының негізгі міндеттері мен мақсаттары түркітану саласындағы зерттеулерді үйлестіру мен оларға жәрдемдесу, жалпы түркі тарихы мен этнографиясын оқыту, әлемдік қоғамдастықты түркі халықтарының жетістіктері туралы хабардар ету.

Келісімді ратификациялау мақсаттарының бірі - барлық түркі тілдері үшін қолданылатын жинақталған әліпби әзірлеу, барлық түркі халықтары үшін ортақ әдеби тіл құру және Тараптар мемлекеттері оқу орындарының пайдалануы  үшін ортақ  оқулықтар, әдістемелік материал дайындау мақсатында зерттеулер жүргізу.

Келісімді ратификациялау және оны одан әрі іске асыру жалпы түркі құндылықтарының және қазіргі заманғы  түркітану ғылымы жетістіктерінің негізінде түркі халықтарының рухани байланыстарын дамытуға, сондай-ақ жаһандану жағдайында түркі халықтарының этномәдени мұрасын сақтап қалуға оң ықпал етеді.

Құжат Палатаның қарауына ұсынылды.

 

Барлық жаңалықтар