• Басты
  • Жаңалықтар
  • ЕЭК отырысында көлік пен инфрақұрылым салаларындағы интеграция мәселелері талқыланды

ЕЭК отырысында көлік пен инфрақұрылым салаларындағы интеграция мәселелері талқыланды

1 Қазан, 2014 12:06
Алматыда энергетика және инфрақұрылым коллегиясының мүшесі Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен ЕЭК көлік және инфрақұрылым консультативтік комитетінің отырысында көлік пен инфрақұрылым саласының өзекті мәселелері талқыланды.

ЕЭК хабарлағандай, бірінші кезекте, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім бойынша қарастырылған құжаттардың жобаларын дайындау мәселесі талқыланды.

Оның ішінде, «Бірыңғай экономикалық кеңістіктің 2020 жылға дейінгі көлік саясаты: іске кірісу уақыты» ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындылары ұсынылды. Д. Ахметов  ғылыми-зерттеу жұмысының қорытынды нұсқасын КО мен БЭК мүше елдердің өкілетті органдарының жетекшілері қатысатын кеңесте талқылауды ұсынды. Бұл ұсынысты консультативтік кеңес мүшелері қолдады.

Консультативтік комитет төрағасы өндірістік-көліктік дәліз құру бойынша әлемдік тәжірибені меңгеру жұмыстарының жалғасатынын айтты. Сондай-ақ, халықаралық көліктік-логистикалық орталықтар мен хабтарды орналастыру жөнінде арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын бастауды ұсынды.

Темір жол көліктерінде қауіпсіздікті сақтау туралы сертификат беру тәртібі мен талаптарына қатысты мәселені талқылау барысында Консультативтік комитет мүшелері тиісті құжаттың дайындалуы керек екендігімен келісіп, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты дайындаушы болу ұсынысын қолдады. 

Кеңесте КО мен БЭК елдері арасында көлік және және тасымал қатынасында туындайтын кедергілерді жою басты назарға алынды.

«Д.Ахметов келісілген құжатты дайындаудың өзектілігіне аса назар аударып, бұл көлік саясаты еуразиялық интеграцияның басым бағыты екенін және сауда айналымы мен көліктік коммуникацияның өсімі бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті», - делінген хабарламада.

Барлық жаңалықтар