• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Ауғанстанның маңызды досы әрі үлгі болатын ел - Ауғанстан Президенті

Қазақстан Ауғанстанның маңызды досы әрі үлгі болатын ел - Ауғанстан Президенті

1 Қазан, 2014 10:03
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бастаған делегация 2014 жылғы 29 қыркүйекте Кабул қаласында өткен Ауғанстан Ислам Республикасының жаңадан сайланған президенті Ашраф Гани Ахмадзайдың ұлықтау рәсіміне қатысты, деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.

«Ашраф Гани Ахмадзай ресми қонақтардың ішінде Министр А.Сәрінжіповті алғашқылардың бірі болып қабылдады. Сұхбат барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тұрақтылықтың жақын арада орнатылу жөніндегі құттықтаулары жеткізілді. АИР басшысы «Қазақстан - Ауғанстанның маңызды досы әрі үлгі бола алатын ел» екенін мәлімдеді. Президент Н.Назарбаев мемлекеттік даму саласында «айтулы нәтижелерге» қол жеткізгенін айрықша атап өтті», - делінген хабарламада.

А. Сәрінжіпов АИР Бірінші вице-президенті, армия генералы Абдул Рашид Достуммен де кездесті. А. Достум Президент Н.Назарбаев туралы жылы сөздер айтып, ауған басшылығы халыққа күрделі өтпелі кезеңде қолғабыс көрсетіп отырған Қазақстанды дос әрі бауырлас мемлекет ретінде қарастыратынын атады. Табиғи апаттардың салдарынан зардап шеккен елдің солтүстік Джаузджан мен Бадахшан провинцияларына дер кезінде көрсетілген ізгілік көмек үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Кабулға жасаған іс-сапары кезінде Министр А.Сәрінжіповтың Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп, қаржы, білім беру, ауылды аймақтарды қалпына келтіру мен даму министрлерімен, жоғарғы білім министрінің орынбасары, парламент депутаттары және іскерлік топтардың өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылды.

 

Барлық жаңалықтар