• Басты
  • Маңғыстау облысында «Мерейлі отбасы» байқауы қатысушыларының суреті бейнеленген баннер ілінеді (ФОТО)
23 Қыркүйек, 2014 11:49

Маңғыстау облысында «Мерейлі отбасы» байқауы қатысушыларының суреті бейнеленген баннер ілінеді (ФОТО)

Маңғыстау облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан Құлышовтар отбасының суреті бейнеленген баннер орнатылады.
Маңғыстау облысында «Мерейлі отбасы» байқауы қатысушыларының суреті бейнеленген баннер ілінеді (ФОТО)

«Аймақ басшысы Алик Айдарбаев «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Құлышовтар отбасын арнайы қабылдап, бағалы сыйлық  сыйлады. Отбасын құндылығын дәріптеп, республикалық байқауда облыстың намысын қорғап қатысқан жарасымды жұпқа шаңырақ шаттығын тіледі», - делінген хабарламада.

«Байқауға қатысудың өзі үлкен жетістік. Сондықтан да Сіздерді осы жеңістеріңізбен құттықтаймын. Құлышовтар отбасы өзгелереден салауатты өмір салтын сақтап, спортты жанына серік еткен жандардың көптігімен ерекшеленеді. Бұл отбасының отағасы Нұралы-тек өлкеге ғана емес, республика көлеміне танымал жан. Облыстық мүгедек спортшылардың басшысы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Осындай берекелі, тату-тәтті отбасынан әрдайым шаттық кетпесін дегім келеді»,-деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Сондай-ақ, жексенбі күні әуежайдан маңғыстаулықтар «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Құлышовтар отбасын қарсы алды. Қарсы алушылардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық ішкі саясат және спорт басқармасының басшылары мен «Жас Ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымының белсенділері болды.

Жалпы аталмыш байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 1298 отбасы қатысқан. Ал ақтық мәреге смс және интернет-дауыс беру арқылы өңірлік турлар қорытындысы бойынша 16 үміткер-отбасы шықты. Маңғыстау облысының намысын қорғау мәртебесі Құлышовтар отбасына бұйырды.

«Жалпы бұл байқауға барлың өңірдің атынан мақтауға тұрарлық отбасылар қатысты деп айтуға әбден болады. Мұндай шаралар отбасындағы қарым-қатынасты нығайта түсері анық. Байқауды ұйымдастырушыларға, бізгі сенім артып байқауға жіберген облыс басшыларына, дауыс берген жерлестеріме зор алғысымды айтамын. Мықты отбасы-мықты мемлекет екені белгілі. Өзім 13 баланың ортасында тәрбиеленіп өскендіктен мен үшін отбасының ауызбіршілігі, амандығы басты орында. Жолдасыммен 1981 жылы танысып, бір жарым жылдай қыз бен жігттей жүріп, бір-біріміздің мінезімізді танып-білгеннен кейін, отбасын құруға шешім қабылдадық. Құдайға шүкір, бүгінде үлгілі отбасылардың қатарынан көрініп отырмыз. Менің спорттық жарыстарға қатысуыма үнемі қолдау көрсетіп, демеу бола білген асыл жарым Әлияға және балаларыма да алғыс айтамын. Жеңімпаз атанбасақ та, ақтық сында бағымызды сынағанымызға қуаныштымыз. Елімізде бақытты отбасылардың саны арта берсін»,-дейді отағасы Нұралы Құлышов.

Нұралы мен Әлия Құлышовтардың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанына биыл-32 жыл. Қос жұп бүгінде 3 перзентті тәрбиелеп, жетілдірген. Олардан 5 немере сүйіп отыр. Үйдің үлкені Ерік-волейболмен айналысса, әулеттің қос қарлығашы Жанар мен Эльмира каратэмен шұғылданған. Ұрпақтарын ешкімнен кем қылмай тәрбиелеген ата-ананы бүгінде перзенттерінің қоғамнан өздерінің орнын тауып, қызметтестер арасында зор беделге ие екендігі қуантады.

 «Ата-анам бізді үлкен махаббатпен, бар мейіріммен тәрбиелеп, өсірді. Біздің спортпен айналысқанымызды қалап, әкеміз өзі спортқа жетектеп апарды. Мен өз басым осындай шаңырақта өмірге келгенімді зор мақтаныш санаймын. Әрбір отбасынан береке кетпесін, бақытты жұптардың қатары көбейе берсін демекпін»,-дейді Құлышовтар отбасының қызы Эльмира.

Айта кетейік, байқаудың марапаттау рәсімінде Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан Бимаханбетовтер отбасына диплом және отандық өндірістен шыққан әмбебап шағын автобустың кілтін, «Мерейлі отбасы» байқауының ақтық сынында Маңғыстау облысының намысын қорғаған  Құлышовтар отбасына «Нива» көлігін тапсырды.  

Барлық жаңалықтар
3.219.31.204, 192.168.88.100