СҚО әкімі мен Словакия елшісі ынтымақтастық сұрақтарын талқылады

22 Қыркүйек, 2014 17:09
Словакия Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiсi Петер Юзамен кездескен өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов ең алдымен қонақтарға облысымыз жайлы баяндады, деп хабарлады облыс әкімдігінде.

«Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеуге көп көңiл бөлiнуде. Бұл салаға жақсы инвестициялар құйылып жатыр. Машина жасау саласы да қарқынды дамып келедi»,-дедi өңiр басшысы.

Кейiн сөз алған Словакия Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiсi өңiрiмiзбен тиiмдi әрiптестiк орнатудың негiзгi салалары жайлы сөз еттi.

«Ең алдымен ол машина жасау саласы. Бiз темiр жол бағытында әрiптестiк орнатуға ниеттiмiз. Ауыл шаруашылығымен қоса, мал шаруашылығын өркендетуге көңiл бөлмекпiз. Бұл екi жақққа да тиiмдi болады деген сенiмдемiн», — дедi словак елшiсi Петер Юза.

Осы ретте облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов мал шаруашылығын дамытуға өңiр шаруалары да құлықты екендiгiн айтты.

«Бiз негiзiнен еттi- сүттi бағыттағы iрi қараны алуды көздеп отырмыз. Семиннтал тұқымды сиырлар бiздiң ауа райына бейiмделген. Асыл тұқымды малды алуға ниеттi көптеген шаруа қожалықтары бар. Егер сiздерде сондай мүмкiндiк болса, онда бiз жұмыс жасауға дайынбыз», — дедi облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов.

Бiздiң өңiрге дейiн Павлодар облысында болған Словакиялықтар, ендiгi кезекте Қарағандыға баруды көздеп отыр.

 

Барлық жаңалықтар