• Басты
  • Жаңалықтар
  • Е.Сұлтанов: СҚО мен Германия арасындағы ынтымақтастық- елдің экономикалық дамуындағы маңызды қадам

Е.Сұлтанов: СҚО мен Германия арасындағы ынтымақтастық- елдің экономикалық дамуындағы маңызды қадам

19 Қыркүйек, 2014 15:18
Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Германияның Төтенше және Өкілетті елшісі Гидо Герцпен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

«Кездесуді аша отырып өңір басшысы Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы туралы аз-кем әңгімеледі. Бүгінде өңірде агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамып жатқанын тілге тиек етті. Ерік Сұлтанов сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы мен Германия арасындағы ынтымақтастық ел экономикасына елеулі өзгеріс әкелетінін айтты», - деп хабарлайды әкімдік.

Германия елшісінің бұл өңірге жасаған алғашқы сапары. Онда елші өзара ынтымақтастық жайын пысықтамақ.

«Сапар алдында мен Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетімен таныстым, өзіміздің кәсіпкерлермен ақылдастым. Сөйтсем, екі жақ арасында бүгінге дейін де әріптестік байланыс жолға қойылған екен. Бүгінде Германияда Қазақстаннан көшіп келген 800 мыңдай қоныстанушы тұрып жатыр. Менің ойымша алдымен сол адамдар ынтамақтастыққа үлес қоспақ», - дейді елші.

Сонымен қатар, Гидо Херц Қазақстан халқы Ассамблеясында болып, әр түрлі ұлт өкілдерімен әңгіме-дүкен құрды.

Қазіргі таңда СҚО мен Германия арасындағы тауар айналымы 6,2 млн доллардың ар жақ-бер жағында. Соның ішінде 1,4 млн доллары эскпорт болса, қалған 4,8 млн доллары импорттың үлесінде. Қазақстаннан экспортқа шығарылатын негізгі өнім мал шаруашылығы өнімдері болып табылады.

Барлық жаңалықтар