Атырау облысында 40 мың пәтер мен үй салынады

18 Қыркүйек, 2014 17:31
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін Атырау облысында 4,8 млн шаршы метр болатын 40 мың пәтер мен үй салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Атырау облыстық құрылыс басқармасының жетекшісі Елтай Ғалымжанов.

«Жалға берілетін пәтерлердің кемінде 30%-ы облыстың барлық аудан орталықтарында салынады. Тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджеттен 7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда соның 4,7 млн теңгесі игерілген. 118 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Соның 37-сі жыл соңына дейін аяқталса, тағы 81 үй 2015 жылы жалғасын таппақ», - дейді ол.  

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 20 коммуналдық үй құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін соның 18-і пайдалануға берілсе, 2 үй алдағы уақытта аяқталмақ.

Басқарма бастығының айтуынша, Атырау облысының Индер, Исатай, Махамбет, Мақат, Қызылкөгін және Құрманғазы аудандарында бірпәтерлі 10 үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар, отбасылық дәрігерлік амбулатория дәрігерлеріне Исатай ауданында екі пәтерлі үй құрылысы  мен Индер ауданында 2 қоспәтерлі үй құрылысы басталды. Махамбет ауданында 4 бір пәтерлі үй құрылысы аяқталды.

Барлық жаңалықтар