• Басты
  • "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының финалистері
18 Қыркүйек, 2014 15:16

"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының финалистері

Strategy2050.kz АА «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының финалистерін ұсынады. Іріктеу кезеңі елдің бар өңірінде өтті. Айта кетейік, байқаудың қорытындысы 19 қыркүйек күні Астанада өтеді. Байқау Президенттің бастамасымен 2014 жылы бірінші рет өткізіліп отыр.
"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының финалистері

Атырау облысы. Бешімовтер отбасы  (мұнайшылар отбасы).

Наурызғали Бешімов мұнай саласында 47 жыл еңбек етті. Қазіргі таңда зейнетте. Мұнай саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше рет марапатталды. Бүгінде 2 ұл мен 2 қыз өсіріп отырған ақсақалдың қазірде 10 немересі де бар. Енді оның жолын балалары мен ер жеткен немерелері жалғастыруда. 35 адамнан тұратын Бешімовтердің мұнай саласындағы жалпы еңбек жолы 777 жылды құрайды.

Шығыс Қазақстан облысы. Паницктер отбасы (ғалым-экологтар отбасы).

Паницкий Андрей мен оның жұбайы Динара Радиациялық қауіпсіздік және экология институтында жауапты лауазымарда қызмет етеді. Білікті мамандар маңызды радиохимиялық зерттеулер жасайды. Андрей бірқатар ғылыми-техникалық және республикалық бюджеттік бағдарламалардың авторы, бұрынғы Семей полигоны аумағының қазіргі жағдайын зерттеу бойынша зерттеу тобының жетекшісі. Екеуі де көптеген марапаттар иеленген. Бұл жұптың 3-9 жас аралығында 4 ұлы бар. Тұңғышы мен екінші баласы таэквандомен шұғылданады.

Жамбыл облысы. Ережеповтер отбасы. (өрт сөндірушілер отбасы).

Үш атадан бері өрт сөндіруші қызметін атқаратын Ережепов Толыбайдың  отбасы «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төс белгісі және облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталған. Үлкен ұлы әке жолын қуып өрт сөндіруші болса, ортаншы ұлы әскери қызметте. Ал кіші ұлдары мектеп оқушысы. Спортпен шұғылданады.

Батыс Қазақстан облысы. Сәндібековтер отбасы. (оралмандардың отбасылық ансамблі).

Отағасы Нұрболат ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі. Жұбайы Гүлимен отбасылық ансамбль құрып, аудандық және отбасылық байқаулардың бірнеше дүркін түрлі деңгейдегі жеңімпаздары атанды.  Баласы да ата-анасына тартқан өнерпаз. Ән де салады, түрлі музыкалық аспаптарда да ойнайды.

Қарағанды облысы. Сәпиевтер отбасы. (Олимпиада ойындары чемпиондарының отбасы).

Лондон Олимпиадасының чемпионы, атақты боксшы Серік Сәпиевтің отбасы. Сәпиев Жұманғали Дәуітұлы құрметті ардагер, кенші. Жұбайы Сәпиева Ирина еңбек ардагері, Абай шахтасында ұзақ жылдар бойы бухгалтерлік-қаржылық бөлімде қызмет етті. Бала тәрбиелеп өсірген.  

Қостанай облысы. Жаңбыршиндер отбасы (зоотехниктер отбасы).

Жанбыршин Зейнулла Абайұлы – зоотехник, ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері. Ірі қара малының әулиекөл тұқымы авторларының бірі. «Мал шаруашылығы» ілімі бойынша бірқатар анықтамалықтар мен кітаптардың авторы. Әулиекөл ауданының құрметті азаматы. Қазіргі таңда 5 бала, 12 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Ұлдары әке кәсібін жалғастыруда.  

Қызылорда облысы. Әлібековтер отбасы (егіздер мен үшемдер тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы).

Әлібеков Мейрамбек Қазыбекұлы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ қаржы департаменті бөлімінің бастығы. Жұбайы Шохашева Лаура Әбдуахатқызы үй шаруасында. Мейрамбек пен Лаура 7 бала тәрбиелеп отыр.

Маңғыстау облысы. Құлышевтер отбасы (спортшы-мүгедек отбасы).

Құлыше Нұралы Шорманұлы ҚР Паралимпиада комитетінің вице-президенті. Отырып волейбол ойнаудан ҚР бас бапкері. Бірқатар халықаралық паралимпиада ойындарының жеңімпазы. Бүгінгі таңда бұл отбасы 4 бала мен 3 немере сүйіп отыр. Ұлы Ерік қолкүрестен 1 дәрежелі спортшы, қыздары Жанна мен Эльмира Қазақстанның каратэ чемпионаты жүлдегері, бірінші деңгейлі спортшы. Құлышев Нұралы Маңғыстау облысындағы мүгедектер спортын дамытуда еңбек етуде.

Павлодар облысы. Терентьевтер отбасы (энергетиктер отбасы).

Энергетика саласын ата кәсіп қылған Терентьевтер отбасы Ақсу ЖЭС құрылысына қатысқан. Үш ағасы энергетик болып қызмет етсе, інілері металлургия саласында жұмыс істеген. Бүгінгі таңда ұрпақтары Александр әке қызметін жалғастырса, қызы Светлана Алматыда қызмет етеді.

Солтүстік Қазақстан облысы. Магомедовтар отбасы (ішкі істер органдары қызметкерінің отбасы).

Магомедовтар отбасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің үлкен отбасы болып табылады. Отбасы мүшелері 70 жылдан астам уақыт бойы елдің ішкі істер қызметінің дамуына тер  төкті. Осынау әскери әулеттің отағасы Магомедов Каду 1908 жылы дүниеге келген. 1930 жылы әскери борышын өтей жүріп қайтыс болған. Магомедовтер отбасының басты құндылығы патриоттық пен дәстүрге деген құрмет болып табылады.

Оңтүстік Қазақстан облысы. Бимаханбетовтер отбасы (көпбалалы отбасы).

Бимаханбетовтар отбасы үлгілі отбасылардың бірі. Отағасы Елтай Бимаханбетов мен оның жұбайы 8 бала тәрбиелеп өсірген. Одан қазіргі таңда 33 немере мен 10 шөбере сүйіп отыр. Е.Бимаханбетов мәдениет саласының ардагері. Түрлі жанрларда өнер көрсетіп, жауапты лауазымдарды да қатар атқарды. 82 жасар ақсақал қазіргі таңда Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Ақмола облысы. Мұқашевтар отбасы (мұғалімдер отбасы).

Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Мұқашевтар әулеті төрт атадан бері ұстаздық қызметті кәсіп етіп келеді. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 540 жылды құрайды.  

Отбасының сегіз баласы да ата кәсіпті қуып мұғалім болды. Соның 5-еуі қазір құрметті еңбек демалысында. Мұқашевтардың үшінші және төртінші ұрпағы қазіргі таңда осынау өнегелі қызметтерінің шыңына жетіп, мемлекеттік түрлі қолдауына ие болып, Ұлыбритания, Германия мен Ресейде ғылыми жұмыстармен айналысу мүмкіндігіне ие болды.

Ақтөбе облысы. Түсіпқалиевтар отбасы (медицина қызметкерлерінің отбасы).

Түсіпқалиевтер отбасының  отағасы Түсіпқалиев Балаш медицина ғылымдарының докторы, «ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі» (1997), «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері» (2007), «Шапағат» медалінің (2012) иегері, 300 мақала мен 20 оқулық және оқу құралдарының авторы. Жұбайы медбике болып қызмет істеген, қазір еңбек демалысында. 2 ұлы дәрігер. 4 немересі бар.

Алматы облысы. Есқожиндер әулеті (ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды асырап алған отбасы)

Есқожина Тұяқ Қазкенқызы Талғар ауданының құрметті азаматы, Қазақсанның іскер әйелдері республикалық байқауында «Даналық және мейірім» аталым бойынша марапатталған. «Менің Қазақстаным» республикалық патриоттар форумында «Асқақ азаматтық» аталымы бойынша ҚР Мәдениет министрлігінің дипломымен марапатталған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2013 жылы Ұлттық қордан «Алтын жүрек» наградасы берілді. 1998 жылдан бері 340 жетім баланы асырап алған.

Алматы қаласы. Жұмаевтар отбасы (спортшы-альпинистер отбасы).

Атақты альпинистер отбасы Жұмаевтар әлемнің ең биік деген шыңдарын бағындырған. Мақсұт Жұмаев Қазақстан Республикасының альпинизмнен ұлттық құрама капитаны. 14 рет 8000 метрден биік шыңдарды бағындырған. Эверест пен Чогори шыңдарын оттегі қорынсыз бағындырған жалғыз қазақстандық тауға өрмелеуші. «Құрмет» орденінің иегері. Әйелі Ольга қазақстандық альпинизм клубын басқарады. Отбасында екі бала өсіп келе жатыр.

Астана қаласы. Ахметовтар отбасы (теміржолшылар отбасы).

Атақты теміржолшылар әулеті темір жол саласының дамуына елеулі үлес қосты. Әулеттің 63 мүшесі осы саладан өздерінің өмірлік орнын тапқан. Көптеген марапаттарға ие болған. Әулеттің отағасы Кендай Ахметов Төлеуханұлы 1969 жылдан бері темір жол саласында қызмет етеді. Отбасында 4 бала өсіп келе жатыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар
3.235.136.34, 192.168.88.100