М.Жолдасбеков: «Мәңгілік ел» идеясы – ата-баба арманы (Видео)

17 Қыркүйек, 2014 09:45
Бұрынғы Түрік қағанаты дәуірінен бергі ата-бабаларымыздың арманы мәңгілік ел орнату еді. Бүгінде Елбасымыз сол тарихты жаңғыртып, оны іс жүзіне асырып отыр, деді академик Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың 25 тамызында Ұлытауда берген сұхбатына қатысты Strategy2050.kz агенттігіне айтқан пікірінде.

«Осыдан 1300 жыл бұрын, алтыншы ғасырда кейін Дешті Қыпшақ аталған байтақ далада Түрік қағанаты дейтін мемлекет  құрылды. Оның орталығы біздің Қазақстандағы Шу бойынан орын тепті. Елдің негізін қалаушы біздің Бумын қаған мен Естемір қаған үлкен реформаторлар еді. Одан кейін екінші түрік қағанатын құрған Елтеріс хан мен ұлы Күлтегін де, одан қалды кемеңгер бабамыз Тоныкөктің де мәңгілік ел орнатуды мақсат еткені белгілі. Бұл тарихи дерек бүгінде осы  күнге дейін тасқа қашалып жеткен. Елбасы осы ұлттық идеяны қайта тірілтіп отыр. Бұл Президентіміздің тарихты қайта жаңғыртуы», - дейді академик.

Оның айтуынша, Мәңгілік ел орнату үшін бүгінгі ұрпақ ең алдымен осы ұлы далада бүгінгі таңда салтанат құрған Тәуелсіз Қазақстанды мекен еткен халықтың нәсіліне, дініне, ұлтына қарамай тең көруі керек.

«Ынтымақты сақтау керек. Екіншіден көршілермен тату болып, олармен дұрыс қатынас құруы керек», - деді ол.  

Бауыржан Мұқанов 

 

Барлық жаңалықтар