• Басты
  • Жаңалықтар
  • А.Күзеков: Парламенттің күн тәртібінде - ауыл шаруашылық кооперациясы туралы заң қабылдау (Видео)

А.Күзеков: Парламенттің күн тәртібінде - ауыл шаруашылық кооперациясы туралы заң қабылдау (Видео)

16 Қыркүйек, 2014 17:47
Елбасы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында бізге бірқатар міндеттер қойды, соның бірі ауыл шарушылық кооперациясы туралы заң қабылдау, деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Асхат Күзеков strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында.

«Елбасы басымдылық берген мәселелердің бірі ауыл шаруашылық кооперациясы туралы заң қабылдауға қатысты. Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда ауылдық жердегі халықтың жекелеген он шақты ірі қарасы мен он-он бес қой-ешкісі әр шаруаның өз қолына қарағандықтан, ондай малға мемлекет тарапынан субсидия алуына, не болмаса екінші деңгейлі банктерден шаруашылығын кеңейту үшін несие алуға көп мүмкіндіктің берілмейтіні анық», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, кей азаматтарда кішігірім жері болса, бірқатарында техникалары болады. Осы тұрғыда шаруаларды бір араға шоғырландырып, өзара кооперация құратын болса, онда халықтың шаруашылықтары да дамып, мемлекет субсидиясы мен несие алуға мүмкіндіктері артар еді.

«Жекелеген шаруашылықтардан гөрі өзара кооперация құрғанда ауылдың да, ондағы халықтың да әлеуеті артар еді. Өйткені мемлекет тарапынан субсидия алу мен несиеге қол жеткізу үшін шаруашылықтың ірі болғаны тиімді. Осы орайда Парламентке аталмыш мәселені заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету міндеті жүктелді», - дейді А.Күзеков.

Сонымен қатар, сенатор Елбасының кен орындарын зерттеу мен оны өндіру жұмыстарына да тоқталғанын атап өтті.

Бауыржан Мұқанов 

Барлық жаңалықтар