Тарихты танымай, Отанды сүю мүмкін емес – М.Жолдасбеков (Видео)

16 Қыркүйек, 2014 10:03
Біз енді-енді етек-жеңімізді жиып, оң-терісімізді тани бастадық. Президентіміз айтқандай, біртіндеп тарихқа бет бұруымыз керек, деп академик Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың 25 тамызында Ұлытауда берген сұхбатына қатысты Strategy2050.kz агенттігіне берген пікірінде айтты.

«Менің ойымша, Елбасының Ұлытаудың баурайында отырып сұхбат беруі тегіннен тегін емес. Біз енді-енді етек-жеңімізді жиып, оң-терісімізді тани бастадық. Президентіміз де көптен бері айтып келе жатыр, енді біз  біртіндеп тарихқа бет бұруымыз керек», - дейді академик.

Оның айтуынша, қанша жерден патриот етіп тәрбиелеймін десе де, құрғақ қасық ауыз жыртады дегендей, бос сөзбен ұрпақ патриот бола алмайды. Шын отаншылды ата-баба тарихын санасына құйып қана тәрбиелей аламыз.

«Ата-баба тарихын терең дәріптеген жағдайда ғана өскелең ұрпақ өзінің елін сүйетін, осы жолда жанын пида ететін азамат болып өседі. Президенттің ең үлкен аталы сөзі осы тарихқа байланысты болды. Отанын сүймеген адам ешкімді де сүйе алмайды. Ол адам баласы түгілі өзінің жақынын да сүйе алмайды», - дейді М.Жолдасбеков.  

Бауыржан Мұқанов 

Барлық жаңалықтар