• Басты
  • 13 мыңнан аса азамат 1 наурыздан бастап әскер қатарына шақырылады

13 мыңнан аса азамат 1 наурыздан бастап әскер қатарына шақырылады

26 Ақпан, 2021 14:34

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚК бас штабының ұйымдастыру және жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов 18-27 жас аралығындағы азаматтардың мерзімді қызметтегі әскери қызметші көктемгі шақыру кезінде еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтыратынын хабарлады. Әскерге шақыру талаптары қандай? Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Көктемгі әскерге шақыру процесі автоматтандырылған

 2021 жылдың 5-ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге шақыру науқанының басталуы туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, 1 наурызда басталатын әскерге шақыру науқаны осы жылдың 1шілдесіне дейін жалғасады.

ҚР ҚК бас штабының ұйымдастыру және жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты қорғаныс ведомствосы қабылдап жатқан алдын алу шаралары айтып берді. Оның айтуынша, әскерге шақырылған азаматтардан екі рет ПТР сараптама алынады. Сараптама алынатын орындар әскери бөлімдерде бар. Жаңа шақыртушыларға екпе салу жұмыстары үшін де арнайы орындар ұйымдастырылыпты.

 «Көктемгі әскерге шақыру барысында әскерге шақырылушыларға ПТР зерттеуі екі рет жүргізіледі: біріншісі әскерге шақыру кезінде жиын пункттерінде, екіншісі жас буын келген кезде әскери бөлімдерде жүргізіледі. Әскерге шақырылған жас буынды вакцинациялау қалған жеке құраммен бірге қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылатын болады», - деді ол.

 Пандемия жағдайында халықпен тікелей қарым-қатынас жасауды азайту мақсатында әскерге шақыру процессі автоматтандырылған. Әскери қызметке шақырылушыларға смс хабарлама жіберіледі. Хабарлама 1414 номерінен келеді. Айтпақшы, бұл номер ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тиесілі. Осылайша, қорғаныс саласы да цифрландыруға көшіп жатқанын көрсетті.

 Әскери борышты өтеуден қашқандарға жаза бар

 Әскери қызмет өкілі қазақстандықтарға үндеу жариялады. Оның айтуынша, әскери қызмет – әрбір жастың конституциялық міндеті екенін, ал оны әскери қызметті өтеуден қашу – қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік.

«Мерзімді әскери қызмет өткеру тек қару қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеруге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар, денені шынықтырып, рухани нығаюға ықпал етеді», - деп түсіндірді Жүсіпов.

 Әскерге шақыру ашық форматта жүргізіледі

1 наурызда басталатын азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу кезінде жұмыс барынша ашық форматта болатынын айтты. Кез келген адам қажетті ақпарат алу үшін хабарласа алады және кез келген сұраққа жауап алады. Осы мақсатта әрбір Қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе құрылған, әлеуметтік желілерде электрондық пошта жәшіктері мен ресми аккаунттар ашылған. Кез келген азамат осы алаңдарда өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алып, туындаған мәселелерді жеткізе алады.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің барлық тұрғынына айтарым, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін ақша үшін көмек көрсетуге уәде беретін адамдар арқылы шешуге әрекет етпеңіздер! Олар әскерге шақырылушыға заңды түрде әскерге шақыруды кейінге қалдыру тиіс болса да, халықтың ол туралы хабарсыз болуын пайдаланатын алаяқтар. Осылайша, табыс табады», - деп ескертті ол.

Әскерге шақыруға қатысты мәселелерді шешу үшін ақша сұрау, қандай да бір туындаған мәселені ұзақ уақыт шешпеу басқа да сыбайлас жемқорлық сипаты жағдайлар туындаса, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» атты жобалық кеңсесіне жүгіну немесе сенім телефонына хабарласу қажет. Кеңседегі мамандар кеңес береді.

Әскери қызметке шақыру тәртібі жөнінде білу үшін Қорғаныс министрлігінің сall-орталығына 8 (7172) 72 10 83, 72 16 06, 72 13 89; 72 13 82 телефондары арқылы хабарласуға болады.

 Әскери қызметкерлердің еңбек өтілі

Көктемгі әскерге шақыртудан бөлек спикерлер әскери қызметкерлердің қызметі туралы айтты.

Тікелей эфирге шыққан журналист өз сауалында Алматы қаласы 32/363 бөлімшесіне 2021 жылы сәуір айында шақыртылған екі азаматтың әскери бөлімде емес, Атырау қаласында вахталық жұмыстан табылғаны туралы айтты. Спикерлер бұл жағдайға былай деп түсінік берді:

«Сіз айтып отырған жағдай қазіргі уақытта тіркелген жоқ. Жеке жағдай болғандықтан, ҚР Қорғаныс министрлігіне ресми хат жазсаңыз, біз мән-жайды анықтап, ресми жауап береміз», - деді ол.

Журналистер сұрақтарына жауап беру кезінде спикерлер еліміздегі өзге ұлт өкілдері де, соның ішінде дүнген азаматтары да әскерге шақыралатынын айтты. Сондай-ақ, әскерге күштеп әкету жоқ екенін айта кетті спикерлер. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 18 жасқа толған азаматтар міндетті әскери борышын өтеуге шақырылады. Егер әскерге барудан бас тартса, Заңмен қарастырылған жауапкершілік түрлері бар. Прокуратура органдары бұл заңды назарға алып отырады. Әскерге шақыру 2 жылға созылмайды, өзінің бекітілген мерзімінде борыш өтеу мерзімі аяқталады.

Strategy2050.kz тілшісі ҚР ҚК бас штабының ұйымдастыру және жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығына келесі сұрақты қойды: Үкімет қаулысымен айқындалған Семей, Ақтау гарнизондарындағы 1,5 жылдық жедел әскери қызмет еңбек өтіліне есептеле ме?

Спикерлердің айтуынша, Семей, Ақтау гарнизондарындағы 1,5 жылдық жедел әскери қызмет еңбек өтіліне қосылады.

 «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 13 бабының бірінші тармағына сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін мерзімді әскери қызмет есепке алынады. Еңбек өтіліне жеңілдік қарастырылса, ұрыс қызметі кезінде немесе Семей ядролық полигондарында қызмет етсе, еңбек өтілі есептеледі», - деп жауап берді ҚР ҚК бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бағытының аға офицері Руслан Тапашев.

 Әскерге шақыртуға қатысты туындаған дау

Өткен жылы тұрғындар тарапынан мектеп пен колледж бітірушілерін әскерге шақыртуға қатысты әскери комиссариаттың әрекетіне көп шағымдар айтылды. Бұл жағдайға қандай түсінік бере аласыз?

«2020 жылы пандемияға байланысты азаматтарды көктемгі әскерге шақыру тамызға дейін созылды. Сол кезде мектеп бітірушілердің білімін ЖОО-да жалғастыру үшін әскере шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігінен айырды. Әлеуметтік қобалжуды болдырмау үшін 2020 жылы 26 маусымда мектеп бітірушілерге ЖОО-на түсуге мүмкіндік беру туралы ресми мәлімдеме шықты. Әрбір азаматты әскерге шақыру туралы шешім жергілікті атқару органының шешімімен шығарылады», - деп жауап берді.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болады

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру – Заңда көзделген негіздер бойынша жүзеге асады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру үшін мынадай себептер болу қажет:

-         отбасы жағдайлары бойынша;

-         білім алуды жалғастыру үшін;

-         денсаулық жағдайы бойынша;

-         басқа да себептер бойынша.

Білімін жалғастыру себебі бойынша кейінге қалдырылған азаматтар, білім алу кезінде ғана кейінге қалдырылады. Денсаулық жағдайы бойынша шақыру мерзімін кейінге қалдыру шақыру комиссиясының шешімімен 1 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады.


Барлық жаңалықтар