Жемқорлықты қоғамның белсенді араласуы арқылы жоюға болады – ЖДКК

11 Қыркүйек, 2014 18:25
«Қазақстан-2050» жалпыхалықтық демократиялық күштер коалициясы мүшелері Коалиция атынан Қазақстан азаматтарына үндеу қабылдады.

«Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз Тәуелсіздік жылдарында әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, халқымыздың ынтымағы мен қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асты. Бүгінгі таңда әлем шиеленіскен жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келіп отыр. Тұрақсыздық пен хаосқа ұшыраған мемлекеттердің саны өсуде. Ізгілік құндылықтары дағдарысы мен қоғамның билікке деген сенімінің төмендеуі әлемнің жетекші демократияларына да үлкен сынақ болып тұр», - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жөнінде биік мақсат қойды. Бұл әр қазақстандық пен әрбір қазақстандық отбасының өмір сүру сапасын ең дамыған елдердің деңгейіне дейін көтеруді білдіреді.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық құбылысы 2050-Стратегиясындағы мақсаттарды жүзеге асыруда басты кедергі болып отыр. Елбасы атап өткендей: «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады.
Біз мемлекетіміздің басты құндылығы Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз қол жеткізген жетістіктерге жемқорлық үлкен қатер төндіреді деп санаймыз. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік салалардың барлығына жағымсыз әсер етіп, қоғам мен мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп, жалған бағыт-бағдар қалыптастырады. 

Барлық жаңалықтар