Астанада Қазақстан мен АҚШ-тың құқықтық ынтымақтастығы талқыланды

11 Қыркүйек, 2014 16:21
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісінің орынбасары Дэниель Натан Розенблуммен кездесуі өтті.

Ведомствода хабарлағандай, кездесу барысында екіжақты құқықтық ынтымақтастық, соның ішінде қылмыстық құқық саласындағы шарттық база мен құқықтық көмекті ұлғайту және нығайту жөніндегі біршама мәселелер талқыға салынды.

Тараптар қол жеткізілген ықпалдастық деңгейін ризашылықпен атап өтті. И.Меркель атап айтқандай,  Қазақстанның Бас прокуратурасы американдық құзыретті органдармен өзаралық қағидаты негізінде қылмыспен күрес саласында, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мен қылмыскерлерді ұстап беруде белсенді жұмыс атқаруда.

Ол сондай-ақ қазақстандық прокуратура қызметінің негізгі бағыттары, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді және адам құқықтарын қорғау қылмыстық қудалауда прокурорлардың ерекше назарында екенін атап өтті. 

Барлық жаңалықтар