• Басты
  • Гүлшара Әбдіқалықова: Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны – аксиома
20 Тамыз, 2013 00:00

Гүлшара Әбдіқалықова: Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны – аксиома

Гүлшара Әбдіқалықова: Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны – аксиома

– Гүлшара Наушақызы, көктем туа келетін мейрамдардың ең алғашқысы – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне елімізде мемлекеттік дәргей берілгендіктен, халық бұл күні демалып, бір жадырап қалады. Оңтүстікті қайдам, қасат қары әлі кетпеген, аязды ызғары мен өкпек желі соғып тұрған солтүстіктегі жұртқа көктемнің ал­ғашқы көңіл күйін сыйлай келетін де осы мейрам екені рас. Сіз осы мерекені көктемнің басталуы деп қабылдайсыз ба, әлде бұл сіз үшін саяси мереке ме?

– 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні барша адамдар үшін сүйікті мейрам деп ойлаймын. Себебі әйел ең алдымен – Ана, ал әлемде анадан ардақты, анадан аяулы, анадан қымбат ешкім жоқ. Мейірім де, жүректің жылуы да, жақсылықтың барлығы да әйелден, анадан басталады. Сондықтан да бұл тамаша мерекені әрі көгіл­дір көктемнің басталуы, әрі аналар мерекесі деп қабылдаймын.

– Осыдан екі жыл бұрын өткен келелі жиынның бірінде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағын арттыру туралы мәселе көтерілгені мәлім. Елбасының өзі әйел затының табиғаты әу бастан жамандыққа жат екенін айта отырып, мемлекет мүддесіне, ел игілігіне қатысты шешім қабылдау мәселелерінде әйелдердің рөлі артуы тиістігін меңзегенін, тіпті тиісті тапсырма да бергенін білеміз. Бұл орайдағы нәтиже қалай болып жатыр екен?

– Нәтиже жаман емес. Қазақстан Рес­публикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясында қойылған билік органдарында шешім қабылдау деңгейінде мүмкіндігінше әйелдер­дің көп болуын қамтамасыз ету мәселесін жеделдету үшін 2011 жылы Қазақстан әйелдерінің съезінде Елбасы саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер өкілдігін 30 пайыздан кем емес деңгейге жоғарылату туралы арнайы тапсырма берген болатын.

Елбасының осы тапсырмасын ор­ындау мақсатында арнайы іс-қимыл жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілді.

Елдің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің белсене қатысуына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік қызмет кадрларының мониторингі әзірленді. Саяси лауа­зымдарға өсіруге болатын, мемлекеттік қызметтің әр саласында істеп жүрген үміткер әйелдердің ведомстволық тізімі әзірленді. Әйелдерді партиялық тізімге енгізу туралы ұсынымдар жасалып, барлық партияларға жіберілді. Нәтижесінде өткен сайлауда Парламент Мәжілісі депутаттарының ішінде әйелдер саны алғаш рет 26-ға жетті. Ал мәслихаттардағы әйелдердің үлесі Қостанай облысында – 31 пайыз, Ақтөбе облысында – 28, Павлодар облыстарында 23 пайызға жоғары болды.

Сонымен қатар таяуда ғана Алматы қаласы мен Қызылорда облысы әкімдерінің орынбасарлығы қызметтеріне, Алматы облысы Талғар ауданының әкімі лауазымына әйелдер тағайындалғанын да атап өткім келеді. Әрине, мұның бәрін Елбасының тапсырмасын орындау жолындағы үлкен жетістік деп санаймын.

– Еліміздегі гендерлік теңдік саясатының жүзеге асырылуына шетелдік мамандар қандай баға береді?

– 2012 жылы әйелдер мен ерлерге тең жағдай жасау тұрғысынан Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары мониторинг жасаған 135 елдің ішінде 31-орынды иеленді. Егер мұның алдындағы жылы 49-орында болғанымызды ескерсек, бұл көрсеткішті осы бағыттағы үлкен табыс деп айтуға әбден болады. Мұндай табысқа Елбасы басшылығымен отбасылық-демографиялық, гендерлік саясатты қолдау бойынша жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстардың арқасында қол жеткізілді.

Жоғары білімі, біліктілігі жағынан әйелдер ерлерден еш кем түспейді. Оның үстіне, сезімталдық, сұңғылалық, жаңа инновацияларға бейімділік те әйел затына көбірек тән. Әйел ең бірінші ана болғандықтан, отбасының берекесін, балаларының амансаулығын, игілігін ойлауы оның түйсігіне жазылған. Сондықтан ел ішіндегі барлық әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне де ең алдымен қыз-келіншектер, аналар мүдделірек болатыны да түсінікті.

Елбасының өткен жылдың соңында ғана жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз» деп айтқанын баршамыз естідік. Енді сол тапсырманы іске асыру – бізге міндет.

– Сіз басқарып отырған комиссияда «отбасы», «демография» сөздері қатар айтылады. Бұл бағытта бұған дейін қандай жұмыстар атқарылды және сіздің алдыңызда қандай міндеттер күтіп тұр?

– Ұлттық комиссия Президентіміздің Жарлығымен әуелі Отбасы, әйелдер проблемалары және демографиялық саясат жөніндегі кеңес болып құрылған, кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия болып қайта ұйымдастырылды. Құрылған кезде алдымызға әйелдер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын жақсарту, елдің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің белсене араласуы және оларды шешім қабылдау деңгейіне жоғарылату, әйелдерді экономикалық ілгерілету және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бағытында жұмыс істеу міндеті қойылды. Міне, біз елімізде осы саясаттың іске асырылуын, барлық өңірлерде осы бағыттарда жұмыс жүргізілуін үйлестіреміз.

Биылғы жылдан бастап Елбасының арнайы Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленгені де мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған үлкен қамқорлықты көрсетеді. Осындай қамқорлықтың арқасында Аллаға шүкір, елімізде отбасын нығайту, ата-ана тәрбиесінің рөлін арттыру ісі айтарлықтай алға басты.

– Осы орайда отбасының анамен қатар тұрған ұстыны – әкелер мәселесіне де тоқтала кетсеңіз. Отбасы, демография, гендерлік саясат дегенде біз әйелдер мәселесіне қатысты көбірек сөз қозғап, әкелерді қалыс қалдырып жүргендейміз...

– Ұлттық комиссияның атауында «отбасы» сөзі болғандықтан, оның назарынан әкелер мәселесі де тыс қалған емес. Бұл бағытта да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Әкелердің мәртебесін арттыру мақсатында 2010 жылы бастау алған әкелер слеті жылмажыл жалғасын тауып, бүкіл елді қамтыған ауқымды іс-шараға айналды. Өңірлерде «Ең үздік әке», «Өнегелі әке» байқаулары өткізілсе, Астанада былтыр «Әкелер аллеясы» ашылды.

Жалпы, Ұлттық комиссия өз жұмысында отбасылық құндылықтарымыздың сақталуына басты мән беріп, ауқымды іс-шаралар өткізеді. Мысалы, өткен жылы өңірлерде ата-ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, отбасылық үйлесімді сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беріп, рухани дамыту бағытында көптеген іс-шаралар өткізілді. Қорытындысы ретінде Астанада «Мақтаным, тірегім – отбасым» деген тақырыпта өнегелі ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналардың республикалық кездесуін ұйымдастырдық. Бұлар – балалары жақсы азамат болып ер жетіп, түрлі салаларда танылып жүрген көпбалалы отбасылар; бала асырап алған ата-аналар; көп баланы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген өнегелі, қай­сар, жалғызбасты әке немесе жалғызбасты ана. Олармен кездесу жастарға ой салға­ны анық.

– Қазақ ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық. Себебі ислам дініне берік едік. Ал шы­найы ислам адам тағдырына селқос қарауды құптамайтыны белгілі. Содан да болар, қазақ келіндерінің санасында қазіргідей киім-кешек, көрпетөсегін жинап, төркініне кетіп қала салу деген ой мүлдем болмаған. Босаға аттаған күннен бастап өмірінің соңына дейін сол шаңырақтың түтінін түтетіп, отын өшірмейтін. Ал қазір мүлдем басқаша. Статистикалық деректер ажырасушылар саны жыл сайын артып отырғанын мәлімдейді. Неке институты мықты дамыған қазақтай халықта ажырасу неге жиілеп кетті деп ойлайсыз?

 

– Статистикалық деректер бойынша ажырасу фактілері елімізде жиілеп кеткені рас. Бұған, бір жағынан, заманның өз­геруі, жаһандану үдерістері ықпал етіп отыр деуге де болады. Бүкіл әлемдегі секілді, отбасы ин­ституты қа­зіргі таңда дағ­да­рысты ке­зең­ді бастан кешуде. Толық емес от­ба­сылар мен неке­сіз туған ба­ла­лардың саны азая­тын емес, өйткені азамат­тар­дың, әсі­ресе жас­тар­дың елеу­лі бөлігі шетел тәжі­рибесі бо­йынша тіркел­меген не­кемен өмір сүреді. Бұл үрдістер зор­лық-зомбы­лық­тың, қылмыс­тың, ауру­дың өсуі сияқты көп­теген әлеумет­тік пробле­ма­ларға әкеліп со­ға­ды.

Ұлттық комиссия жас­тарға ой сал­сын деген мақсатпен тұрақты түрде өнегелі от­ба­сыларын үлгі етіп, наси­хат­тап келе­ді. Отбасы мен неке инсти­тутын наси­хат­тау мақсатында Ұлттық комиссия­ның ұйым­дастырған «Отба­сым» жур­налы мен «Шал­қар» қазақ радиосынан апта сайын берілетін «Біз екеуміз» бағ­дарламасы бүгінгі күні оқыр­ман­дар мен тыңдау­шы­лардың сүйіктісіне айналды.

Жүргізілген зерттеулер шын мәнісінде, ер-азамат үшін де, әйел мен бала үшін де ең қолайлы жағдай отбасында ғана бола­тынын анықтады. Некеде тұрған адамдар­дың жасы ұзағырақ болатыны, жарасымды отбасында өскен балалар жетістікке тез жететіні – қазір бүкіл әлемге белгілі болып отырған аксиома. Қоғамда осыны наси­хат­тау, қажет болса жарнамалау жеткілік­сіз екендігі де отбасы құндылықтарының құлдырауына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан жоғарыда айтып өткен келең­сіз жайттардың, ұлт болашағына кері әсе­рін тигізетін құбылыстардың алдын алуға тиіспіз. Және бұл істе жалғыз Әйелдер іс­те­рі және отбасылық-демогра­фиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия ғана емес, бүкіл қоғам болып жұмылғанымыз жөн. Әр отбасы бала тәрбиесіне бесіктен көңіл бөліп, ата-бабаларымыздың өзек­тілі­гін әлі күнге дейін жоймаған дәстүрлі өнеге-тәлімдерін бойына сіңіруіміз қажет.

– Газетімізге берген қолтаңбаңызда отбасы құндылықтарын насихаттауды және арнайы отбасы күнін атап өтуді құптайтыныңызды айтып едіңіз. Осы мереке төңірегінде қандай да бір ұсы­ныс-тілегіңіз бар ма?

– Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасы­лық дәстүрлер мен құндылықтарға негіз­делген қазақстандық отбасы мәртебесін нығайтып және қолдап шешуге болатынын түсінетін уақыт келді. Ал отбасы арқылы оның әлеуетін пайдалана отырып, бала туу, отбасы мүшелерінің денсаулығын ны­ғай­ту және ұлттың болашағы – жаңа буын­ды тәрбиелеу мәселелерін шешуге болады.

– Сұхбатыңызға рақмет! Сізді және сіз арқылы еліміздің барша қыз-келін­шектері мен ардақты аналарымызды көктемнің алғашқы лебін жеткізіп, жан шуағын сыйлайтын мерекемен құт­тық­таймыз. Істеріңіз алға баса берсін!

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды