ШҚО-ны дамытуға халықаралық ұйым 644 мың доллар бөлді

9 Қыркүйек, 2014 16:13
ШҚО-да БҰҰ Бірлескен бағдарламасының қаржы құралдары есебінен 644 мың АҚШ доллары көлемінде гранттық қаражат бөлінді, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығы.

Өңірде БҰҰ-ның «Семей өңірі үлгісіндегі халыққа әлеуметтік қызмет көрсету мен өңірлік жоспарлауға инновациялық әдістер енгізу арқылы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» бірлескен даму бағдарламасы 4 жылдан бері іске асырылуда.

ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары Сәуле Олақованың халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу жайы туралы бойынша өткен жиын барысындағы мәліметіне сүйенсек, бөлінген қаражат мектептерде жарықдиодты шамдар алу мен су жылытқыш құрылғылар алуға және Абай, Жарма, Үржар, Аягөз аудандарындағы 30 жылыжайға тамшылатқыш құрылғылар алуға бағытталған.

Сонымен қатар, облыста гранттық байқау өткізіліп, 100 мың доллардың 14 жобасы мақұлданды. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету технологиясы мен жаңа түрлерін құруға және дамытуға бағытталмақ.

«БҰҰ Бірлескен бағдарламасы «Бизнестің жол картасы-2020» мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында 33 мың АҚШ долларлық бюджетпен гранттық бағдарлама іске асыруды жоспарлауда», - делінген хабарламада.

Барлық жаңалықтар