Спасск мемориалды кешені аумағына Испанияның естелік белгісі орнатылады

9 Қыркүйек, 2014 15:38
Бүгін Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасындағы Испания Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Мануэля Парротча Параданы қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Кездесу барысында Спасск мемориалды кешені аумағына Испанияның естелік  белгісін орнату мәселесі қарастырылды.

Өздеріңізге де белгілі, заманында Қарлаг арқылы шамамен 150 шақты әскери тұтқынға түскен испандар өткен еді. Соның 11-інің қасіретті жағдайда жан тапсырғаны да мәлім.

Облыс әкімінің айтуынша, Елшінің өңірге осыған дейін жасаған сапарында қол жеткізген  келісімге сай, Спасскте Испанияның ескерткіш белгісінің орналасу жерін анықтау мен қарастыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар басталып кетті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі де сөз болды.

Өңір басшысының айтуынша, аймақтың  сыртқы тауар айналымы 2014 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында 4,3 млрд доллардан асты. Соның ішінде Испаниямен арадағы сауда көлемі 8,2 млн теңгені құрады. Бұл өз кезегінде әріптестік байланысты нығайту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жоғары деңгейінен хабар бермек.

«Мемлекет басшысының елде инвестициялық ахуалды жақсарту мен экономикаға инвестиция ағымының жайлы жүргізілуі бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала кету керек. Осыған орай сізді түрлі саладағы әлеуметтік-экономикалық даму ынтымақтастығын арттыруға шақырамын», - деді әкім.

 

Барлық жаңалықтар