Қ. Жақыпов Канада парламентшілерімен кездесті

9 Қыркүйек, 2014 15:22
Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов «Канада - Қазақстан» парламенттік достық тобының теңтөрағасы, қауымдар Палатасының табиғи ресурстар жөніндегі Комитетінің төрағасы Леон Бенуа бастаған Канадалық делегация өкілдерімен кездесті.

Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл канадалық парламентшілердің екіжақты дипломатиялық қатынас тарихында біздің елімізге алғашқы сапары. Делегация құрамында Сенат пен қауымдар Палатасының, сондай-ақ, аталған елдің заңнамалық органына кіретін Канаданың негізгі саяси партияларының өкілдері бар.  

«Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясындағы ауқымды сұрақтарды талқылай келіп, алдағы уақытта табиғи ресурстар, ауылшаруашылығы, уран индустриясы, денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларында өзара іс-қимыл әлеуетінің зор екендігіне тоқталды», - делінген хабарламада.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы атом энергиясын бейбіт жолда пайдалану саласында қазақстандық-канадалық қатынастың стратегиялық маңызын атап өтті.   

Меймандар біздің еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасына қызығушылық танытты.  

Халықаралық мәселелерге де айрықша назар аударылды.

Кездесу иелері Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде  екі елдің ортақ қадамдарын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, келешекте де екіжақты қарым-қатынасты одан әрі сындарлы дамытуға ынталылық білдіре келіп, осы жолда заңнамалық органдар арасындағы парламенттік достық топтарының айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.

Барлық жаңалықтар